Шығыс жұлдызнамасы: ЖЫЛАН ЖЫЛЫ
Жылан жылының алғашқы айларында Жылан белгісіндегілер жұмыста бастығының қырына жиі ілінетін болады. Бірақ, мұны жүрекке жақын алмаңыз, есесіне әріптестеріңіз сіздің жағыңызда. Ақшадан да тапшылық көруіңіз мүмкін. Біраз жиған-тергеніңіз болса да, көп өтпей ол да таусылады. Сондықтан, «ертеңгі күнім не болар екен?» деген ойлар жиі мазалайтын болады. Уайымдамаңыз, мұның бәрі – уақытша қиындық. Жаздың ортасына қарай үлкен табыс көзін тауып, қайтадан аяқтан нық тұратын боласыз.
Жылан жылы туылғандар бұл жылы сүйген адамымен қарым-қатынаста да біраз қиындыққа кезігуі мүмкін. Бірақ, бұл да өтеді, күзге қарай барлық түсініспеушілік артта қалып, тіпті кейбірі шаңырақ көтеріп те үлгереді.
Ал денсаулығыңызға күтім жасамасаңыз болмайды. Дегенмен, демалыс пен тамақтану тәртібін қатаң сақтай алсаңыз және жылы киініп, дәрумендер ішіп жүрсеңіз, айта қаларлықтай асқынулар бола қоймайды.