ОҚО-ДА БИЫЛ 90 МЫҢ АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖОСПАРЛАНУДА
Оңтүстік Қазақстан облысында биыл «Халықты жұмыспен қамту 2018-2019 жылдарға арналған» кешенді жоспары аясында 90 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы негізінде 296 мың адам әлеуметтік көмекпен қамтылатын болады. Бүгін бұл туралы Үкіметтің онлайн режимде өткен селекторлық отырысында баяндама жасаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.
Ж.Түймебаевтың айтуынша, былтырғы жылы 37,7 мың адам нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына тартылған. Жоғарыда айтылған кешенді жоспардың 50 пайызы еңбекке жарамды азаматтарға тұрақты кәсіп беруге бағытталатын болады. Соның негізінде 44 мың адамды жұмысқа тарту жоспарланып отыр.
Өңір басшысы баяндамасында «Өрлеу» республикалық пилоттық жобасының облысымызда табысты жүзеге асып жатқандығына тоқталды. Өткен жылы «Өрлеу» жобасы аясында оңтүстікқазақстандық 17 мың отбасы 36 мың ірі қара мен уақ мал алса, 757 отбасыға 36 мың құс үлестірілген. Сондай-ақ, 3 мыңға жуық отбасыға кәсіпкерлікпен айналысуы үшін қажетті құрал-жабдықтар берілген. Нәтижесінде олардың табысы 4,3 есеге артып, 1226 адам жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп, тұрмыстары түзелген.
Облыс басшысы биыл негізгі басымдық халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне бөлініп отырғандығын жеткізді. Бұл ретте мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде 866 жоба бойынша 46 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Былтырғы жылы өңірімізде 16 мың 743 адам кәсіби және қысқа мерзімдік оқуға жолданса, осы азаматтардың 67 пайызы тұрақты жұмысқа орналасыпты.
Былтыр өңірде «Әр ауылға өз шебері» акция аясында 15 мамандық негізінде 9 мыңға жуық азамат қысқа мерзімдік оқу курсынан өтіп, ауылды жерлерге жұмысқа кіріскен болатын. Биыл дәл осы жоба негізінде тағы да 7 мың азаматты оқыту көзделіп отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі