Ұят болды-ау! Қазақ кімге өкпелейді?

Ел тәуелсіздігінің 26 жылында мемлекеттік тіл – қазақ тілінің еңсесін көтеруді баянды ете алмай отырған қазақ кімге өкпелейді? Қит етсе, «қолға түсіп қалған» бір шенді-шекпендіге бар кінаның барын аударып салып, қарғадай шулауды қашан қоямыз?

Қазақ тілі кімге керек, өзі? Нағыз ұлтжанды зиялыларымыз «Қазақтың өзіне керек болмай тұрған қазақ тілі қайтіп еңсесін көтереді?» деп, күйінумен отыр. Селт  етіп жатқан адам жоқ. ОҚМУ-ға кіріп, студенттердің арасына барыңыз – қазақ қазақтан орысша сөйлесіп жатады. Бұл елге Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенінен артық заңның да, бағыт-бағдардың да, тапсырманың да керегі жоқтығын жақсы білген ОҚМУ-дың ректоры Мірхалықов студент жастармен жұмыс жүргізудің маңызын түсінбей қалып па? Мектеп ауласына кіріп көріңіз, автобус пен «Газельде» жүрген оқушы қазақтың баласының бәрі орысша сөйлеседі. Басқаны қойғанда, қаладағы мемлекеттік мекемелердің кез-келгенін, аудан мен қаланың, облыс әкімдігі ғимаратына кіріп көріңізші, қазақтың үлкені де, кішісі де орысша сөйлесіп жатқаны. Өздерін  Елбасының «командасындамыз» дейтін «құршірендердің» тірлігі осындай болып тұрғанда, қазақ тілі кімге керек?

Елдің өкімет билігі мемлекеттік тіл – қазақ тілін өміршең ету үшін заңдық тұрғыда бәрін жасап берді, бұл салаға жылына мемлекеттік бюджеттің ондаған миллиард қаржысы жұмсалады. Бітіп жатқан ешнәрсе болмаған соң, халқымыздың табан ақы, маңдай терінен жиналған ел дәулетінің ысырабына жаның қалай ашымасын? Өйткені, қазақтың өзі қазақ тілін қастерлемек түгілі, керек те етіп отырған жоқ қой.

Кешегі кеңестік кезеңнің 50-60 жылдары кезінде Тәшкентте жүрген кез-келген кәріс, орыс, хохол, күрікт түгілі, еврейіңе дейін бастарында ала тоты болса, бәрі шетінен өзбекше сөйлейтін. Өйткені, олар өздерінің ана тілін құрметтеген өзбек халқын сыйлайтын. Ал біз ше? Ұлтымызды сыйлы етеміз деудің орнына, бірімізді-біріміз артынан шұқып, пендешілігімізді жарияға жар етуге шыққан жоқпыз ба?

Қараңыз, қаладағы Әл-Фараби ауданы әкімінің халыққа есеп беру жиында Шымкентте толып жүрген «данышпанның» біреуі өзін-өзі көрсетіп қалу үшін әкімге: Сіз Конституция талабын бұзып отырсыз» деп ділмәрсінген. Бұл Шымкентті шымалдай қаптаған «данышпандардың бойындағы дерт. Яғни, көзге түсетін жерді қалт жібермей, «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» бір нәрсені айтып қалуың керек. Басқа түк те емес. Ал қала әкімі аудан басшысына халықпен түсіністік жағдайында сөйлеудің қажеттігін айтып өтеді. Бар болғаны осы. Қоғам тынысының маңызды мәселесінен гөрі, тырнақ астынан кір іздеп, өздерінен «жұлдыз» жасауды мақсат еткен БАҚ-тың бірқатар таяз ойлы пақырларының көктен іздегені жерден табылып, оңтүстік тағы да жаман атын шығаруға жанталасқанына намыстанғаның да халқыңнан не келеді?

Өйткені, олардың беталдылыққа баруына құлақ шөбін көтеріп, әспеттеп жүрген биліктің өзі.

Желауыз «данышпандарға» оңтүстіктің абыройы да, халқының тынысы да көк тиын. Шынымен елжанды болса, ондаған жылдан бері мыңдаған халық  тұрып келе жатқан «Достық» ықшамауданында бүгінге дейін таза ауыз су мен газдың жоқтығын, билігі жекеменшікте тұрған электр қуатының бірде бар, бірде жоғын неге әкімнің алдына қоймай ма?

Облыстың кеңсе іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне көшірген ел Үкіметінің қаулысы шыққанына тоғыз жылдың жүзі болып, қаншама істер атқарылып еді. Кеше облысқа Б.Атамқұлов, қалаға Ғ.Әбдірахым басшы болып келгенінде мемлекеттік мекемелер де іс құжаттарын дайындау, екі тілге көшірілді.»Былқ» еткен адам болған жоқ. Әкімдер үшін мемлекеттік мекемелер тура бір олардың жекеменшік «фирмасындай» күйді кешті. Қайда болды, сол кезде мына толып кеткен «данышпандар»?

Күні кеше қазақтың белгілі жазушысы, ұлт жанашыры Мархабат Байғұт облыстық тілдер басқармасын атқарған істері республикада үлгі-өнеге болып еді. Сол кездегі басқарманың қызметкерлері Ә.Қадірбекова, Б.Алдияр, Қ.Дүйсенби,  Қ.Айдарбекова  мен Хиуаздардың ұлт намысын ту етіп атқарған ерен істерін ел ұмыта қойған жоқ. Ал, бүгінгі басқарманың қалың ұйқыда жатқанын мына «данышпандар» білмей қалып па?

Жоқ. Әлде бұлар ел қамын емес, әкімқара атаулыны «сындырып» алу мақсатын ғана қойғаны ма, алдарына? Бүгін қала әкімінің сөзін сынап бір аласұрса, күні кеше облысқа Түркиядан келген бай-манап инвестордың тікұшағының ішінен облыс әкімі көмекшісі көрініп қалды деп бүкіл республиканы шулатты. Дәлел де, дәйек те жоқ, беталдылыққа бір тыйым болмаса, ол жақсылық нышаны емес шығар, әсте.

 

                                                                                                                                        Әділ Мұратбеков

Фото интернеттен алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.