Робин ШАРМА: «Өмірдің 200 сабағы»

(Жалғасы)

138. Қарама-қарсы ойлауды үйреніңіз. Бұл қарапайым әдіс сіздің басыңызға кіріп алып, сізді мақсатыңыздан басқа жаққа алаңдататын кез-келген жаман ойды жақсы оймен алмастыра алады. Мысалы, жексенбі күні кешкісін сіз: «Осындай керемет демалыстан кейін ертең жұмысқа қайтып барғым келмейді» деп ойлайсыз. Бұл ой сізді әбден жаулап алмай тұрып, тез арада оны қарама-қарсы оймен алмастырыңыз. Мысалы, «Мен тезірек кеңсеге барғанша асықпын: мені онда қызықты жобалар мен жемісті жұмыс аптасынан кейінгі ғажайып қанағаттану сезімі күтіп тұр». Сосын сізге өз күшіңізбен алға жылжуға мүмкіндік беретін жұмысыңыздың болғаны қандай жақсы екенін ойлаңыз. Қазіргі жағдайыңыздың жақсы жақтарын көрсетіп, тізім жасаңыз және оларды қайта-қайта оқыңыз. Сонда жұмысқа деген кері көзқарасыңыз өзгеріп, дүйсенбіні тағатсыздана күтетін боласыз.

139. Өз-өзіңізді талдау әдетін терең меңгеріңіз. Бен Франклин мұны тұлғаның тиімділігінің ең маңызды стратегияларының бірі деп атаған. Өз-өзіңізді талдауға күн сайын ұйықтар алдында 10 минут бөліңіз. Осы бір күннің ішінде істеген жақсылықтарыңыз туралы және бәлкім, байқамай жасаған жамандықтарыңыз жайлы, сондай-ақ өз-өзіңізді жетілдіру үшін нені өзгертуге болатыны жөнінде ойланыңыз. Табысқа жететін адамдар басқаларға қарағанда көбірек ойланады. Күн сайын ойлану сізге барлық жаман қасиеттеріңізден (жайбасарлық пен өсекқұмарлықтан бастап басқаларды ренжітуге дейін) арылуға көмектеседі және қарым-қабілетіңізді ұштай түседі. Күндердің күнінде бұл сізді қателікті аз жасайтын, мықты тұлғаға айналдырады.

140. Ең тиімді оятқыш біздің басымызда орналасқан. Егер сенбесеңіз, былай жасап көріңіз: ұйықтар алдында ыңғайлы орындыққа отырып, көзіңізді жұмыңыз да, екі қолыңызды тізеге қойыңыз. Бірнеше минут терең демалыңыз (5-ке дейін санап, тыныс алыңыз, деміңізді ұстап тұрыңыз да, 10 дегенде шығарыңыз). Сосын мына сөздерді 20 рет қайталаңыз: «Мен сағат …. (қалаған уақытыңызды айтыңыз) оянамын және сергек, жақсы көңіл-күймен тұрамын». Осыдан кейін өзіңіздің аталған уақытта оянып жатқаныңызды және өзіңізді қаншалықты керемет сезінетініңізді көз алдыңызға елестетіңіз . Шағын жаттығудан соң, сіз қалаған уақытыңызда оянатын боласыз.

141. Джордж Бернард Шоу былай деген: «Кейбір адамдар барлық нәрсені сол күйінде көреді де, «Неге?» деген сұрақ қояды. Ал мен ешқашан болмаған нәрсені армандаймын да, «Неге болмасын?» деймін.

142. Өз медитацияңыздың сапасын жақсарту үшін мына әдістерді пайдаланыңыз: Санаңыз сіз қалаған тыныштық жағдайына тез енуге үйренуі үшін медитациямен күн сайын бір уақытта және бір жерде айналысыңыз. Медитация үшін ең қолайлы уақыт – таң алдындағы кез. Үнді йогтары таң алдындағы уақыттың толық тыныштыққа енуге көмектесетін сиқырлы қасиеті барына сенген, медитацияның мақсаты да сол. Бастамас бұрын «Мен қазір өте сабырлымын» деген сөздерді айту арқылы өз санаңызға бұйрық беріңіз. Егер бәрібір бөтен ойлар келе берсе, оларды қумаңыз, жай ғана олардың аспандағы бұлттар сияқты өтіп кетуіне мүмкіндік беріңіз. Сіздің санаңыз тіпті бетінде болмашы дірілі де жоқ тып- тыныш көл деп елестетіңіз. Алдымен 10 минут медитация жасаңыз, сосын біртіндеп уақытын ұлғайта беріңіз. Екі-үш айдан кейін сізді ешқандай бөтен ойлар алаңдатпайтын болады, ал сіз өзіңізде ешқашан болмаған тыныштықты сезінесіз.

143. Жаңа достық байланыстар орнатыңыз, себебі мұндай қарым-қатынастар табысты және салауатты өмір үшін өте қажет. Ескі досыңызға жылы сөздер жазуға немесе көптен бері сөйлеспеген адамыңызға қоңырау шалуға күніне бірнеше минутыңызды бөліңіз. Барлық достарыңызға шын көңілден қамқорлық жасаңыз, сосын нәтижесін байқаңыз. Өзіңіз де жақсы дос болыңыз. Досыңыз қанша көп болса да, жаңа дос табуды мақсат етіңіз. Бұл – көп адамға жетіспейтін өмірдегі ең үлкен бақыттың бірі.

144. Майлс Дэвистің «Kind Of Blue» дискін сатып алыңыз. Бұл әндер жұмыстан кейін бойыңызды сергітіп, жаныңызды тыныштандырады.

145. Тәбетіңізді көп су ішу арқылы басыңыз. Ең дұрысы – күніне 10 стақан су ішу керек. Су ағзаның барлық жүйесіне жан бітіріп, оны тазартады. Сорпа мен күріш, картоп сияқты көмірсулармен тамақтануға дағдыланыңыз. Олар басқа тамақтарға қарағанда аз калориямен тез тоғайтады. Сіздің болмысыңыз не ішіп-жегеніңізге байланысты, сондықтан әр тағамыңыз дене мен ақыл-ой қуатын арттыруға көмектесуі керек.

146. Өз бойыңызда нақтылықты қалыптастырыңыз, себебі табысқа жетуде оның маңызы зор. Нақтылық тәртіп пен басқаларға деген құрметті көрсетеді. Онсыз тіпті ең ақылды адам да біршама жағымсыз көрінеді. Ерте келмеңіз және кешікпеңіз. Өз уақытыңызды жоспарлаңыз және егер ерте келсеңіз, сыртта серуендей тұрыңыз немесе жай ғана демалыңыз, бірақ уақтылы келіңіз. Егер сіз бүгінде жиі кездесе бермейтін осы маңызды әдетті қалыптастыра алсаңыз, сізге бәрі әрдайым құрметпен қарайтын болады.

(Жалғасы бар). Аударған К.ТІЛЕПОВА.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.