Елбасы терроризм мен экстремизмдi айыптайды
Әрбір азамат терроризм мен экстремизм жолын кесуге дайын болуы керек. Мұндай сын-қатерлермен ең үлкен күрес — жастардың білімі мен мәдениеті, бірлігі мен тұтастығы. Көзі ашық, көкірегі ояу, жан-жақты білімі бар адам ешқашан арандатушының айтқанына ермейді. Керісінше, адасқан жандардың түзу жолға түсуіне ықпал етеді. Қазақстанда терроризм, сепаратизм және экстремизм проблемалары бар. Әсіресе халықаралық терроризмнің кең қанат жайғанын және халықаралық қауымдастық пен аймақтардың саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелермен ұштасып, саясиланғанын ескерсек, олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шығарылған емес, нақты және шынайы өмірлік қауіп. Осы қасіретпен күрес бүкіл әлемдік қоғамдастықтың ісі. Терроризмге қарсы тұру жауапкершілігін өзіне, бірінші кезекте, қоғамдастықтың аса көрнекті және ықпалды өкілдері, дін қайраткерлері, парламентарийлері алулары тиіс. Өкінішке орай, аталған проблеманы біржақты және кең ауқымды шешудің жолы әлі ойлап табылған жоқ. Сондықтан осы жаһандық қатерге лайықты жауап іздеуде бірлескен күш-жігерді өрістете түсу қажет.
Экстремизм Қазақстанда кең ауқымда пайда бола қоймағанымен, конфессионалдық тұрақсыздықтың бізде де бой көтеруінің белгілі бір қаупі бар. Әрине, егер осы қауіпті өз уақытында сезініп, алдын алмасақ болмайды.
Терроризм — әлемге, адамзатқа төнген қауіп! Адамзат осы қауіппен бірлесіп күресуі тиіс. Ислам дінінің терроризммен ешбір байланысы жоқ. Осыған байланысты, БҰҰ мінберінде «Ислам терроризмге қарсы» деген айдармен арнайы форум өткізуді де ұсынған болатынмын. Мұндай зұлымдықты біз тек бірлесіп жеңе аламыз. Терроризмнің не ұлты, не діні жоқ. Сондықтан да адамзат кеселмен бірлесіп күресуі тиіс.
Халықаралық терроризм кеңінен жайылып кетті, оның шекарасы жоқ. Бүгінде әлемнің кез келген елі шабуыл аймағына айналуы мүмкін. Үшінші мың жылдықтың басталуымен лаңкестік мөлшері және соның салдарынан құрбан болғандар саны он есеге артты.
Әлемнің басқа діндері секілді ең толерантты діннің бірі – бұл ислам. Исламды терроризм мен экстремизмнің кез-келген формасын ақтап алу үшін пайдалануға ұмтылу көріністері де орыналып отыр. Бұл – дінді қорлаушылық. Мен бүгінгідей күрделі заманда барлық дін қайраткерлерін өздерінің уағыздарында бейбітшілікке, толеранттылық пен кешірімге шақыруды еселеуге үндеймін. Бірлікті сақтап, оны бағалайтын кез-келген халық өлмейді, ол – ұлы халық.
«Қазақстан жолы» газеті, №15 (690), 21.04.2018 жыл.
Фото akorda.kz сайтынан алынды.