ОТЫРАРДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында туған елден түлеп ұшып, еліміздің басқа облыс, қалаларында қызмет атқарып жүрген отырарлық азаматтар ауылға деген ыстық ықыластарын игілікті іспен дәлелдеді.
Астана қаласының 20 жылдық мерейлі жылы аясында, қасиетті Рамазан айында жеке кәсіпкер Есбол Қамбаров Ақтөбе ауылында заманауи талапқа сай 240 орындық Әуесбек Қамбаров атындағы спорт кешенін пайдалануға берді.
Аудан әкімдігінің ұсынысын қабыл алған кәсіпкер Есбол Әуесбекұлы 1 наурыз — Алғыс айту күні мерекесіне орай құрылыс жұмыстарын бастап, болашақ спорт кешенінің қазығын қағу рәсімін өткізген болатын. Аз уақыт ішінде бой көтерген кешеннің құрылысы толығымен аяқталып, ақтөбеліктерді зор қуанышқа кенелтті.
Спорттық нысанның ашылуына аудан әкімі Ерлан Айтаханов қатысып, елдімекен тұрғындарын құттықтады.
Ауыл тұрғындарының алғысына бөленген жаны жомарт азаматқа ел ағалары құрметпен ер қанаты ат мінгізіп, иығына зерлі шапан жапты.
Ендігі жерде ауыл тұрғындары спорттың күрес, бокс, кіші футбол, воллейбол, баскетбол, үстел теннисі секілді бірнеше түрімен шұғылданып, бұқаралық спортты дамытуға өз үлестерін қосатын болады.
Спорт кешенінің ашылу рәсімінен соң тыл ардагері Әуесбек Қамбарұлын еске алуға арналған воллейболдан облыстық біріншілікпен жалғасын тапты.
Тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өтіп жатқан турнирге облысымыздан 10 команда қатысып, бақтарын сынады.
Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі.