Оңай олжа оңалтпас
Бәрі өзгерді… Қытымыр уақыт пен қым-қиғаш оқиғаның арасында жүрміз. Айналаңа бір сәт көз тастасаң, күйбең тіршілік пен өмір сүрудің қамымен жүрген қаншама адам. Барлығы өз өмірінің көлеңкесіз тұстарының көп болғанын қалайды. Бірақ, біздер өмірімізді мәнге, сәнге толтырамыз деп кейбір жандарға әділетсіздік жасап жүрген жоқпыз ба?!
Базар іші у-шу. Тек пайда мен ақшаға құныққан әлдебір суық жүздер көп. 17-18 жасар жігіт өз жолымен жүріп кете бара жатқан еді. Айқайлап ақ ұрған бір-екі әйел әлгі жігітті өзіне шақырып, бірдеңелерді түсіндіріп жатыр. Менде қызығып жақынырақ барып едім, әлгілер ойын ойнап, қыруар ақшаға кенелерің анық деп сендіруде. Алғашында 3000 мың теңге тігесің де жолың болса, 20 000 мың теңге ұтады екенсің, ал екіншісінде қайта бағыңды сынап ойын ойнап, 40 000 мың теңге ұтып алады көрінесің-мыс. Әлгі мес қарын екі әйел алдап-арбап ұтыс шығатынына әбден иландырып тұр. Жігіт барын аясын ба айтқан сөздерге иланып, ойын ойнаймын деп қалтасындағы барын тігіп, алғашында 3000 теңге, одан соң тағы 6000 теңге беріп, я ұтыс жоқ, я ақшасы жоқ бәрінен қағылды. Жанымда тұрған саудагер әйелдер бұл алаяқтар ақылдасып алып, барлығын бақылауда ұстап, жас аңғал жастарды арбауына түсіретіндігін айтып жатты. Иә. Мұндайларды естіп-көріп біліп, еш таңырқамайтындай күйге жеттік. Жақында тағы бір бейтаныс жанның да дәл осындай алаяқтардың құрбаны болып құмар ойын ойнап, несие алып, сол бір аңдаусыз басқан қадамның кесірінен әлі күнге дейін бес жыл бойы несиесін өтеп келе жатқанын естідім. Қалам алуыма да дәл осы жайт түрткі болды.
Адамдарды алдап, біреудің адал маңдай термен келген еңбекақысын қалтасынан қағып алу – ауыр күнә. Әрине, оңай келген ақшаның оңай кетері де сөзсіз. Оған кім мән беріп жатыр дейсіз. Дегенмен, осындай ар-ұяттан безген сұм алаяқтардан сақтанғанымыз жөн. Өйткені, жаңылысып жасаған кішкентай ғана қателік өміріңізді тіпті басқа бір арнаға түсіріп жіберуі мүмкін. Дәл осындай алаяқтардың торына шырмалған адамдар өз өкініштерін айтуға ұялуы да, тіпті қорқуы да мүмкін. Дегенмен, кез-келген адамның басына түсуі мүмкін осы сорақылықтың сырын барша жұртшылыққа жеткізгім келеді. Ортамызда өте кең етек алып бара жатқан осындай алаяқтардан сақтаныңыз. Олардың уысынан құтылу тым қиын әрі ауыр тиеді.
Ұлжалғас Өскен
Көрнекі сурет интернет желісінен алынды.