Оқушымыз жүктi болса, жаhанға жар саламыз
Еліміздің БАҚ беттерінде жылына мыңдаған мектеп оқушыларының жүкті болатынын «Сүйінші» сұрағандай жариялап жатамыз. Қаншасы туып, қаншасы келеңсіздікке тап болғаны, қаншасы баласын тастап кеткенін жариялаймыз. Осы сұмдықты айтсақ, оқушы қыздарымызды тәрбилеп қалатындай көреміз. Бұл тәрбие емес. Қазақтың отбасында жат қылық, жағымсыз әрекеттердің өзі баланың көзінше айтылмаған. Оқушы жүктілігі түгілі, байға тиген қызы қайтып келсе, қазақ отбасы оны «өлім» деп қабылдап, отырған ауылынан көшіп кететін болған. Оқушы емес, бойжеткен қыз оң жақта отырып жүкті болып қалса, соның өзін қарабетке есептеп, ауыл-аймақтан алысқа құртатын болған. Қашан да басиесіздігі білініп қалатын Сарыағашта 7 сыныптың 14 жасар оқушы қызының жүкті болып қалғаны оңтүстіктіктердің төбе шашын тік тұрғызғандай болды. Қазір ата-анасы қойып, қыздың екіқабат болуына мектепті кінәлі етіп шығатын болдық. Конституциялық міндетін орындамай, қызының 14 жаста жүкті болып, қатарларының алдында қорлау көруіне себепші болған ата-ана сотталуға тиісті. Адамзат қоғамын қалыпты жағдайда ұстағымыз келсе, адам құқығын қорлауға дейін жеткізген ата-ана міндетті түрде сотталуы керек.
Өткен жылы облысымызда 600-ден астам оқушы қыздың жүкті болғанын «уралап» жарияладық. Осындай масқаралыққа намыстан жарылардый болып, жанайғайымен үн қатқан бір зиялы қауым өкілінің, ауылдың ардақты ақсақалдарының, намысты жігіттердің үнін естісек те мейлі ғой. Бәрі өлі тыныштық. Осы бетімізбен кете берсек, рухани азғындаудың қыр-сырын сонда көретін шығармыз, әсте.
Әділ Мұратбеков