Чемпионат кезіндегі жапондардың тазалығы жайлы аңыз оқиға
Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатына әр елден келген жанкүйерлер өз құрамаларына қолдау білдіріп жатыр. Әлемнің әр мемлекетінен келушілер өз ұлттық ерекшелігін, мәдениетін танытары анық. Көпшіліктің назарына ілініп, баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан — жапондықтардың ерекше тазалығы.
Футбол матчы аяқталғаннан кейін стадионның трибуналарындағы қоқысты жинап жүрген жапон азаматтары көзге түсті. Өзге елде жүрсе де, ешкім қоқыс үшін айыппұл салмаса да, олар қанға сіңген әдеттерінен айнымады.
Мұндай тазалық мәдениеті тек жанкүйерлерде емес, құраманың ойыншыларында да бар. Футболшылар 1/8 финалда Бельгия құрамасымен кездесіп, жарыстан шығып қалғаннан кейін киім ауыстыру бөлмесін тап-тұйнақтай етіп жинап кетіп, артынан ұйымдастырушы Ресей еліне рақметін хат түрінде қалдырып кеткен.