Әкім Әбдірахымов әйелдерді сүйретіп қойып, базарды тәртіпке келтіре ме?
Әлеуметтік желіде «Қырғы базардың» шығыс жақтағы сыртына «жабайы» сауда орнын жасаған әйелдерді қала полициясы күштеп тарату үшін, дырылдатып сүйреп, машинаға тиеп жатқаны масқаралықпен жарияланып жаттты.
Құлап жатқан әйел. Екі полицей бір әйелді дырылдатып сүйреп бара жатқан сұмдық көрініс. Тура бір басиесіз қалған елдің сорақы тірлігі дерсің. Дәл осы Шымкентте болды дегенге сенер-сенбесімізді білмедік.
Есірік полицейлер қатындарды сүйрегеннен гөрі, сатушының қасында тұрып келген тұтынушыларға: «Базардың ішіне кіріп сауда жасаңыздар. Мына кісілерге «жабайы» саудаға рұқсат етілмейді, кетіңіздер десек тыңдамай тұр. Енді сіздер қоғамдық тәртіпті сыйлап, ішке кіріп кетіңіздер. Біз бұл жерлестеріміздің тауарларын шашып, өздерін күштеп машинаға артуға бара алмаймыз» десе жұрт тыңдар еді. 4-5 сағатта бір адам сауда жасамаған соң, сатушылардың өздері кетер еді.
Сабырлылықпен көпті сыйлап, елді құрметтеп жұмыс істеуге болмай ма? Полицейлер сол жерде тұрып, жұртқа уәжді сөзін айтып тұрса, жұрт тыңдар еді. Қала ішінде нәзік жандыларға қалың жұрттың көзінше күш көрсетуге барған қала полициясы еліміздің қай заңының қай бабын басшылыққа алыпты? Кім бұған жауап береді? Прокуратура органы неге ешнәрсе көрмегендей болып отыр.
Күні кеше еліміздегі үшінші қала – мегаполис статусын алып, жұрт назарын аударған қаланың қақ ортасында, талтүсте полиция қызметкерлері әйелдерді дырылдатып сүйреп, машинаға артпақ болып, шаң-шұң жасағанын, оның көріністері әлеуметтік желіге салынып, тағы да «не шықса, Шымкенттен шығадыны» полицияға жасатқанымызды прокуратураның бірде-бір қызметкері көрмей қалып па?
Оңтүстіктің жаман атын шығаруға өзгелер емес, өзіміз сонша құмар болдық. Еліміздің заң, талаптарын мойындамаймыз деген халық емес едік қой. Онда қарапайым халыққа еліміздің күштік құрылымы неге әлімжеттік көрсетеді? Бұл адамдармен түсіністікке бару арқылы-ақ шешілетін мәселе емес пе?
Жергілікті атқарушы орган, яғни қала билігі «Қырғы базардың» сыртынан «жабайы» сауда орнын жасаушыларға қала көрінісін реттеу үшін «жабайы базарды» көшіретіндіктері туралы сауда жасаушыларға заң талаптарына сай ескерту жасайды. Беталдылыққа кеткендердің тоңмойындық жасайтынын білген соң, сот шешімін шығартып, оны «жабайы базардағыларға» ескертеді. Тіпті, сот орындаушыларын жібертіп, заңды шешімін шығартып, оны «жабайы базардағыларға» ескертеді. Тіпті, сот орындаушыларын жіберіп, заңды шешімнің мүлтіксіз орындалатындығын да жетесіне жеткізуге дейін жұмыс істейді.
Амал қанша, күн қысқарған заманның өзі білермен, «данышпандық» ауруына ұшыраған білгіштері құқық қорғау органының қызметкерлерінің өзіне атылып, «отқа май құйғандай» оспадарсыздыққа барғанын жоққа шығара алмаспыз.
Сатушы әйелдер мемлекеттік билікке қарсылық білдіреміз, ел тыныштығына нұсқан келтірерлік әрекеттер жасаймыз дегенді қаперіне алған жоқ. Бар білгендері пендешілікке салынып, сауда орнынан айырылмау болды. Ондай жағдай әйелдерді машинаға тиеп алып кетуге бару – нағыз ұшқары тірлік емес пе?
Мұндай жағдайда жұртшылықпен түсінікке барудың мүмкіндіктері қарастырылуы қажет-ақ еді. Қала – бәрімізге ортақ үй. Қаладағы телеарналдар, радио, басылымдар арқылы күндіз-түні тоқтаусыз түсіндіру жұмыстарын жүргізуге елдің елеулі азаматтары, халық қалаулылары мен елжанды азаматтардың сөйлеуін неге ұйымдастырмадық?
Елбасының үлкен сенім білдірген қоғамдық институттары осындай кезде қайда қалады? Оларға жылына бөлінетін миллиардттаған қаржы халыққа қашан қызмет көрсетеді? Полиция әйелдерді дырылдатып сүйреп жатқанында «мына тірлік – ел атына ұятты» деп жетіп барған бір ардагерді көргеніміз жоқ, тіпті аялы алақанда жүретін Ассамблеяның бір белсендісінің төбесін көруге мүмкіндік болмады.
Қала басшылығында қазір өзін «Карл Маркстың» деңгейінен көрсеткендей шіренетін қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай Шымкенттің тарихында болмаған сорақылыққа көз жұма қарағанын қалай түсінуге болады? «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» нағыз өзі осы шығар. Кезінде бұл қалада наразылық білдірудің де, аштық жариялаудың болғанының өзінде де халыққа полиция күш көрсеткен емес еді. Басқа-басқа, дәл Шымкентте осындай келеңсіздіктің орын алуын қала билігінің «жабайылық» әрекеті демегенде не деуге болады? Жұртшылық демократияны көзіміздің алдында беталдылыққа апара бастағанына түк көрмегендей қарадық. Қоғамдық тәртіп бұзуды құқығының бостандығына есептеп, құқық бұзушылыққа барғанын жете түсіне алмаған қарапайым жұртты білетін, күшімен тәртіпке шақырмақ болып, елді тіксіндіруге дейін бардық. Бұл жерден қоғам тынысына қатысты «саяси астар» іздеудің қажеті жоқ. Бұл соңғы жылдарда Шымкентке дерт болып жұққан жағымпаздықтың, асығыстық пен науқаншылдыққа баратын пендешіліктің қарабайыр көрінісі ғана.
Дәл қазір «Қырғы базардың» арғы жағы қандай әдемі көініс беретін болса, бергі бетін көрсеңіз көңіл құлазиды. Қасында зәулім «Неке сарайы», «Керемет», «Шәмші» демалыс аймағы басқа дүние де, «жабайы» сауда орындары басқа әлем. Дәл осы жерде тазалануға тиісті. Бірақ, ол арғы беттегідей Шымкентте орын алған оспауарсыздық жөнінде Шымкент қаласы ІІД жаңа басшысы Ералы Жұмаханбетов қала халқына түсінік беріп, қаланың қақ ортасында полицейлер жасаған жосықсыздық үшін ғафу өтінер, мүмкін.
Ә.Мұратбеков