Оңтүстiкте дiн мен дәстүр қашан да үйлесiм тапқан

Оңтүстік өңірінің қоғамдық тынысындағы дін саласында атқарылып жатқан мазмұны терең, маңызы зор жұмыстардың кең ауқымда екендігі баршамызға аян. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да жер-жерде дін мен дәстүрді сабақтастырған түрлі шаралар көптеп ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі де, бірегейі деп өңірдің бас қаласы Шымкентте өткізілген жиынды айтар едік. «Рухани жаңғыру: Дін мен дәстүр үйлесімі және ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбындағы жиынға ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевпен бірге қала әкімі, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, сондай-ақ саяси партиялардың жетекшілері және дін қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Бұл алқалы жиынның негізгі мақсаты – дін мен дәстүр тақырыбында ашық пікір алмасу, ұсыныстар айтып, ойлы пікірлерді ортаға салу болған.

Бұл басқосудың талқылауына ұсынылған өзекті мәселенің жайын салиқалы сөз ете келіп:«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыруды «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деп атап көрсетті.  «Дін де, дәстүр де, қоғам да тыныштық пен татулықтың, бірлік-ынтымақ пен сыйластықтың салтанат құруына қызмет етеді. Қазақы санадағы «ұят», «обал», «сауап», «құт», «кие», «аманат», «ынсап» секілді іргелі ұғымдар ұлттық тәрбиемізде алтын тіндей үзілмей, ғасырлар бойында жалғасып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары асыл дінді ұлттық дәстүрмен үйлестіре ұстанудың маңызы арта түсуде», — деді Жансейіт Түймебаев.

Келелі кездесуде облыс басшысы Ж.Түймебаев қазіргі таңда дін мен дәстүр сабақтастығы баяндылық тауып, той-томалақ пен діни рәсімдерді өткізуде ысырапқа жол бермеуге көп көңіл бөлініп жатқандығын әсерлі етіп жеткізіп берді.

«Мешіттер белгіленген тәртіппен салы­нып, жаназа рәсіміндегі жөнсіз әре­кеттер де бір ізге келтірілуде. Жер-жерлерде «Ақылдастар алқасы» құрылып, сөзі өтімді, беделді азаматтардың қатысуымен арнайы кездесулер ұйымдастырылып, оң істі қолдаушылар көбейіп жатыр. Мұның бәрі ілгерілеудің, қоғамда дұрыс діни сана қалыптаса бастағандығының көріністері», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өзекті мәселенің жайын салиқалы сөз еткен облыс әкімі жастарға соқыр сенімге салынып сыңаржақ кетіп қалмай, ғылым мен өнерге, мәдениет пен өркениетке қарай ұмтылатын кезең екендігін көңілге қонарлықтай етіп айта білді.

Осы алқалы жиында  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкіл имамы Б.Бейсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, ардагер Р.Халмұрадов, Созақ ауданының «Құрметті азаматы» С.Тұрысбеков, С.Ибрагимов сынды азаматтар тақырып төңірегінде ойларын ортаға салып, ұсыныс пікірлерімен бөлісті.

Дін мен дәстүр егіз ұғымдар, екеуін бір-бірінен бөліп-жарып қарауға еш болмайды. Өйткені, қазақтың дәстүрінің өзі тұнып тұрған ислам деп айта аламыз. Дінде кездесетін барлық шарттар, тыйымдар, жоралғылар қазақтың дәстүрінде тайға таңба басқандай анық көрініп тұр.

Өкінішке қарай, осы дәстүрлі исламнан бас тартып, радикалды ағымдарға еріп кеткен қазақстандықтардың қатары артып барады. Әсіресе, салафилік ағымның етегінен ұстағандар саны көп. Олар ұлттың дәстүрін де, биліктің құрылымын да, елдің конституциясын да мойындамайтынымен қауіпті. Тіпті, соңғы жылдары Қазақстан қалаларында болған бірнеше терактінің артында да осы салафилік ағымды ұстанушыларының тұрғаны белгілі болып отыр.«Ештен кеш жақсы» дейді атам қазақ. Яғни, терең тамыр жайғанына қарамастан қазіргі таңда ел билігі қоғаммен бірлесе отырып, осы дәстүрлі емес діни ағымдармен күресті күшейтіп отыр. Өңірлердің бәрінде ақпараттық түсіндіру топтары құрылып, ауыл-аймақтың бәрін аралауда. Мақсат – халықтың діни сауатын ашу, деструктивті ағымдардың таралуына жол бермеу және алдын алу, радикалды ағымдарға өтіп кеткен қазақ жас­тарын кері қайтару.

«Мұсылман болу әсте-әсте» демекші, бұл жұмыстар да өз пайдасын біртіндеп беріп келеді. Онысы түсінікті де. Өйткені, дін мәселесі өте нәзік әрі күрделі. Оны әр адамның қабылдауы әрқалай. Сондықтан да, мамандар асығыстық танытпай, бір аудиториямен бірнеше кездесу өткізіп, халықтың санасына дәстүрлі емес исламның зияны туралы ақпараттарды тұрақты тарату үстінде.

А.ҮСІПОВ.

«Қазақстан жолы» газеті, №27 (672) 21.07.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.