Жанашырлықтың Жетісайдағы жарқын істері

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» Жетісай аудандық бөлімі маманы Д.Аманов Фердоуси ауылындағы «Молла Исмайыл» мешіті жамағатымен кездесу өткізіп, «Кереғар діни ағымдар–қоғам дерті» тақырыбында мазмұны терең насихат жұмысын жүргізді. Сонымен қатар маман М.Салиходжаев «Ел бірлігі» тақырыбында мән-мағынасы зор пікір алысу ұйымдастырып, жиын соңында «Бала тəрбиесі жəне діни бүліктер» атты кітапша таратылды. Кездесу жиын­ға келген жамағат мұндай кездесулердің маңызы зор екенін айтып, өз ризашылықтарын білдірді. Ел ағалары өздерінің сөзінде соңғы кездері өмірдің мәнін іздеген жастар шынайы ілім–білім мен теріс жолға тартып кететін ағымдардың ара жігін ажырата алмай, қақпанға түсіп қалып жатқанына  алаңдаушылықтарын жеткізді. Соны болдырмас үшін, ел ішінде осындай әңгіме жүргізуді, әсері мол кездесуді ұдайы өткізіп отыруды ұсынды.

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» Жетісай аудандық бөлімінің маманы Д.Аманов ауданның Өргебас ауылындағы мешіт жамағатымен өткізген кездесуінде көкейдегі көп мәселе көптің ой таразысына салынып, тар­қатылып, емін-еркін әңгіме жасауды ұйымдастырды.

Мәнін түсінген адамға Ислам діні тазалықты дәріптейтін дін. Ол адамның абыройы мен ар-ожданын жоғары қойып, әділдік пен бейбітшілікті ту ететін дін. Бейбіт қарым-қатынаста тіршілік етіп, тыныштықта тату-тәтті өмір сүруді уағыздайтын бұл дін адамды мейірімділікке шақырады. Тек қана Ислам дінін емес, өзге де діндерді алып қарасақ, әлемде лаңкестікті, экстремизмді, соғысты жақтайтын діннің жоқ екеніне көз жеткізуге болады.

Елбасымыз Н.Назарбаев журналистерге берген «Ислам–бейбітшілік діні» атты сұхбатында: «Терроризм, экстремизм деген мәселе ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың басында шықты. Бірақ оны исламға апарып жабыстырудың ешқандай қисыны жоқ. Ислам бейбітшілікті қалайды, ал «ислам терроризмі» деп аталып жүрген нәрсенің діни де, ұлттық та белгісі жоқ», – деп атап өткен еді.

Мешітте өткен түсінік беру жұмыстары барысында дін жəне Отан тақырыбында сөз қозғалып жиһад ұғымының зардабы жайлы айтылды. Жиын соңында сауалдарға жауаптар беріліп, маман М. Салиходжаев орталық тарапынан кітапшалар таратып берді. Теріс ағымдардың кемшіліктері түсіндірілді.

Діндегі теріс ағымдардың иірімі қара­пайым азаматтардың санасын улап, қоғамда кереғар пікірлер тудырып жатыр. Бұл–қоғам алдында тұрған үлкен мәселеге айналды.  «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі Жетісай-Мақтарал аудандық бөлімі мамандары Д.Аманов және Б.Шаймерден Иіржар ауылдық округінің Дихан елді мекенінде орналасқан «Елмұратбай» мешітінің жамағатымен кездесу ұйымдастырды. Елімізде терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу, болдырмау үшін мемлекет тарапынан заңдық тұрғыдан негіз жасалынған.

Құқық қорғау органдары жоғары деңгейде терроризм мен экстремизмнің барлық көріністерін енді бой көрсетпек болған кезінде тоқтатуға қауқарлы және солай істеп келеді де. Терiс пиғылды,  радикалды ағымдар мен секталардың құрбанына айналған қаншама жан бар. Ал, ол адамдар бiр отбасының мүшесi болып саналады. Қорытындысында бұндай жағдайға түскен адам отбасының күйреуiне себепшi болады. Сондықтан жастар арасында, жалпы қоғамда тұрақтытүрде, кең ауқымда, мазмұны терең, маңызы зор көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Бұл кездесу барысында мешіт имамы А.Абдувахапов дінтанушы мамандардың жамағатпен кездесулерінің орны бөлек екенін айтып өтсе, бөлім маманы Д.Аманов кереғар діни ағым жақтастарының ішкі және сыртқы мақсаттарын айтып, қоғам санасын улауда едәуір ықпал ететін факторларды ауыл тұрғындарына кеңінен түсіндіріп берді. Жиын соңында облыстық орталықтың шығарған кітапшалары жамағатқа сыйға берілді.

А.ЖАЙЫМБЕТОВ.

«Қазақстан жолы» газеті, №29 (674) 04.08.2018 жыл.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.