Жол жүру ережесiн бұзудың жауаптылығы
Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына бергені үшін ҚР ӘҚБтК-де әкімшілік жауапкершіліктер қарастырылған.
ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру
- Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, және сондай күйдегі адамның басқаруына беру – көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыруға әкеп соғады.
- Авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан әрекеттерде –көлік құралын басқару құқығынан төрт жыл мерзімге айырылады.
- Жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ, не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер –көлік құралын басқару құқығынан бес жыл мерзімге айырылады.
- Әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және алты жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады.
- Осы баптың 4-бөлігіндегі әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталанған, әрекеттер — отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 10 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылады.
- Көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер –20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады.
- Осы баптың 6-бөлігіндегі жаза мерзімі өткеннен кейін қайталанса, отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алынады.
- Осы баптың 6-7-бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттерге 200 АЕҚ мөлшерінде айыппұл салынады.
ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы
- Көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы, т.б. залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы – 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады немесе 6 айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айырылады.
- Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге әкеп соққан сол әрекетке -40 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады немесе 9 айға дейін көлiк құралын басқару құқығынан айырылады.
- Көлiк құралдарын басқару құқығы жоқ не басқару құқығынан айырылған адам жасаған әрекеттер – 60 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.
Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 596- бабы көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу
- Жол жүрiсi қағидаларын бұзып, жаяу жүргiншi жолымен, тротуарлармен жүру – 15 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады
- Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту, басып озу қағидаларын бұзу, көлiк колоннасын, жаяу колоннаны кесiп өту, не оның арасынан орын алу –15 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.
- Егер бұл жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, кері бұрылып, бұрылыс жасап шығу –6 ай мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылады.
- Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
- Көлік құралын басқару құқығынан айырылған не ондай құқығы жоқ адам жасаған әрекет –50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Биылғы жылдан бастап айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшері 136 теңгеге артып, 1 АЕК 2 405 теңгеге жетті. Осыған байланысты жолда жүру ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері артты.
Еліміздегі жолда жүру ережесін бұзып, көлікті мас күйінде басқарғаны үшін салынатын ең жоғарғы айыппұл мөлшері жарты миллион теңгеге жуық. Ол 200 АЕК-ті құрайды, яғни 481 000 теңге. Сондай-ақ, аяғы ауыр келіншектер мен зейнеткерлер сынды әкімшілік қамақ қолданылмайтын тұлғалардан өзге азаматтар 3 жылдан 5 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады.
Н.Сален, Арыс аудандық сотының жетекші маманы
«Қазақстан жолы» газеті, №37 (682) 06.10.2018 жыл.