ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА БІР КҮНДЕ БЕС АУЫЛҒА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

Жетісай ауданында бір күнде бес ауылға табиғи газ берілді. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

Атап айтқанда, көгілдір отынға қол жеткізген ауданның Ш.Ділдәбеков ауыл округіне қарасты Достық, Байдала, Зерделі ауылдары мен Атамекен ауылдық округіне қарасты Тыңдала және Қоғалы елді мекендері. Аймақ басшысы        Достық ауылындағы газ торабын іске қосу рәсіміне қатысып, ендігі кезекте 5 мыңға жуық халқы бар бес ауыл тұрғындарының көмір тасып, күл шығармайтынын жеткізді.


«Құрметті түркістандықтар! Қадірменді Жетісай ауданының тұрғындары! Бүгін сіздер мен біздер көптен күткен үлкен қуаныштың куәсі болғалы отырмыз. Яғни, бүгін Түркістан  облысына қарасты Жетісай ауданында бес елдімекеннің тұрғындары табиғи газға қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда Жетісай ауданында 104 елдімекеннің 46-сы, яғни 22 096 абонент табиғи газбен қамтылса, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 44,2 пайызын құрап отыр. Ал абонент саны бойынша 74,4 пайызға жетті», — деді Жансейіт Қансейітұлы.


Жалпы биыл Жетісай ауданындағы елді мекендерді газдандыру мақсатында 5 нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 615,4  млн теңге қаралған болатын. Оның ішінде 1 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2018 жылдың шілде айында аяқталса, 3 елді мекеннің құрылысы жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде.

Жетісай ауданының даму концепциясына сәйкес 2019-2025 жылдары осы өңірдегі 104 елді мекеннің бәрі дерлік 100 пайыз газбен қамтылады деген жоспар бар.

Жетісайға жұмыс сапарында аймақ басшысы Жаңаауыл ауылдық округі Ынтымақ елдімекеніндегі Тұрар Рысқұлов атындағы 600 орындық жаңа мектептің ашылу салтанатына да қатысты. Бұған дейін үш ауысымда білім беріп келген орта мектеп ұжымын бүгінгі қуанышымен құттықтаған облыс әкімі жаңа, заманауи талапқа жауап беретін еңселі де, керемет мектептің сыныптарын аралап көрді. Ондағы шәкірттермен тілдесіп, олардың сабақтарын үздік оқып, еліміздің үлгілі азаматтары болуға шақырды.

Одан соң, әкім Жетісай қаласындағы «AIIG Kazakhstan» ЖШС-нің мақта зауытында болды. Аталған зауытта 660 адам жұмыс істейді. Қуаттылығы жылына 40 мың тонна. 2013 жылы құрылған зауытта мақта талшығы, техникалық тұқым, линт, улюк дайындалады. Жалпы аумағы 5,6 гектарды құрайды. Мұнда өндірілген өнімдер негізінен еліміздің барлық аймағына таратылады.

Облыс әкімі зауыт жұмысшыларымен кездесіп, аудандағы «Озат терімші, «Ең үздік комбайншы», «Ең үздік терімші», «Ең үздік мақта зауыты» номинацияларының иегерлерін марапаттап, сый-сияпат табыстады.

Жалпы Жетісай ауданында мақта теру науқанының аяқталуына санаулы күндер қалды. Қазіргі таңда аудан бойынша 48226,8 гектар мақта алқабынан 126 мың 192 тонна шитті мақта жиналды. Ақ алтынның түсімділігі әр гектарынан 26,2 центнерді құрады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.