О.ӨКСІКБАЕВ, Мәжіліс депутаты: Сонда бiз «ҚазАгроны» неге құрдық?

Елімізде құрылған холдингтердің мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында атқарып жатқан жұмысын бақылап отыру қажет. Бүгінде мынадай сұрақ туындайды: осы «Самұрық-Қазына», тағы басқа ондаған холдинг құрдық. Солар мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қанша қаражат тартты? Бұл тұста қарыз ақшаны алып тастайық.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік дамыды ма, жолға қойылды ма? Бүгінгі таңда активі 50 миллиард доллардан асып кететін холдингтеріміз не істеп жатыр?

Қазір шенеуніктер есеп бергенде әлеуметтік мәселелерде әріптестіктік дамып жатқанын жиі айтатын болған.Ол да керек шығар. Бірақ экономикаға үлес қосатын, біздің дамуымызға серпін беретін мәселе холдингтерде жатқан сияқты. Біз осыны неге қолға алмаймыз?.

Біздің ұлттық экономика министрлігі холдингтердің жұмысына талдау жүргізіп, қанша қаржы кетті, нені дамытты, нені дұрыс жолға қойды, осы мәселелер төңірегінде есеп беретін кез келген сияқты. «Судың да сұрауы бар». Беріп жатқан ақшамыздың қайда кеткенін біз де сұрайық та.

Холдингтер инвестор тартып, сол жекешелікті әкелудің орнына, біздің активті өсіргеніміздің арқасында шетелден қарыз ақшаны оңды-солды алып, қарызға батырып жатыр. Бір ғана «ҚазАгроның» өзі 600 миллион еуродан астам қаржы әкеліп, соңында есептесе алмай, ақыр аяғында бюджеттен жыл сайын 200-300 миллиард теңге беріп отырмыз. Мұның шегі болуы керек қой! Сонда біз «ҚазАгроны» неге құрдық?

Бізге әріптестік жасаймыз деді, бірақ соның біреуі де жасалған жоқ. Ал қазір мұның есебін кімнен сұраймыз? Соған жауап беретін бес-алты төраға ауысып кетті. Олар басқа креслоға барып отырып алды. Ешкім ештеңе сұрамайды.

sputniknews.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.