Рухтар мекенi

Өткен жылы бірнеше ресейлік сайттар ғаламторда Камчаткадан бөгдеғаламшарлықтардың суасты базасы табылғанын жарыса жазған болатын. Уфологтар бұл құпия нысанның Үлкен Колигер (Калыгирь) көлінің табанына жасырынғанына сенімді.

Камчаткадағы бұл орын зерттеушілерге 1930-шы жылдардан бері белгілі. 1938 жылы кен орындарын іздеген бір топ ғалымдар үлкен аумақты жүріп өтіп, Үлкен Колигер көліне дейін жетеді. Экспедиция мүшелері осы жерде палаткаларын тігіп, демалуға тоқтайды.

Ертеңіне көз тігіп қарағанда, көлдің арғы бетіндегі жартастан бір үңгір көрінеді. Айналып өту тым ұзақ болғандықтан, геологтар Үлкен Колигерді кешіп өтуді ұйғарады. Көлдің табаны қатты және тереңдігі онша үлкен емес еді, сондықтан ғалымдар ештеңеге қарамастан алға жылжиды.

Бірақ, бір ғана нәрсе зерт­теу­шілердің көңіліне күдік ұялатады. Көлдің суы түбі анық көрінердей тұп-тұнық, тап-таза еді, бірақ онда бірде-бір балық не басқа да тіршіліктің белгісі көрінбейді. Ол аз дегендей, көлдің жағалауында да ешқандай өсімдік жоқ. Және құстың даусы да естілмейді.

Үлкен Колигерді кешіп өткен соң, геологтардың бірі соңындағыларды күтпестен бірден үңгірге кіріп кетеді де, үңгірдің іші айтарлықтай жап-жарық екенін көреді. Айналасын мұқият барлап қараған ол судың ортасындағы кішігірім арал сияқты құрғақ жерді көзі шалады. Шар найзағайына ұқсайтын жарық сәуле осы жерден шығып жатыр екен. Осы сәтте геолог өзінің қозғала алмай қалғанын сезеді, бейне бір жаңағы көгілдір сәуле оның ерік-күшінің бәрін алып қойған сияқты. Тағы бір сәтте оның көз алдында әртүрлі елестер пайда бола бастайды.

Соңынан кіріп келген әріптесінің айқайы оны бұл күйден алып шығады. Бірақ, ол бірден шалт қимылдаймын деп, суға күмп береді де, шашалып, тұншыға бастайды. Әріптесі көмекке келіп, судан шығара бастағанда ол өзінің көзі мүлде көрмей қалғанын түсінеді, сондықтан серігіне: «Жарыққа қарама!» деп айқайлайды. Бірақ, үңгірден шыққан соң, 10 сағаттан кейін оның көру қабілеті біртіндеп қалпына келеді.

Осы жағдайдан кейін экспедиция мүшелері жергілікті халыққа болған жайды айтып береді. Тұрғындар мұны естіген соң, өздері «Рухтар мекені» деп атап кеткен көлдің тарихын әңгімелеп береді.

Аңыз бойынша, бұл жерде бұрын үлкен тау болған екен. Тауда Амаюк құдай өмір сүріпті-мыс. Құдайдың үлкен қазынасы болыпты, Амаюк оны адамдарға әрқайсысының еңбегіне қарай үлестіріп беріп отырған көрінеді. Бірақ, тойымсыз тұрғындардың бірі үңгірге кіріп, қазынаны ұрлауды ұйғарады. Мұны біліп қойған Амаюк сиқырлы таяғын сілтеп қалады да, қазына жасырылған тау жердің астына түсіп кетеді. Оның орнында көл пайда болыпты. Ал қазынаға қол сұқпақ болған адам Үлкен Колигердің жағалауындағы жартасқа айналады…

Көнекөздердің айтуынша, жергілікті халықтың арасына тіпті 20-шы ғасырдың 20-шы жылдарына дейін бір дәстүр сақталыпты. Яғни, өзінің соңғы сағаты жақындағанын түсінген тұрғындар көлді кешіп өтіп, «Рухтар мекеніне» кететін болған. Көлден өткен адам ешқашан қайтып келмейді екен…

Арада бірнеше ай өткенде геологтар жер қойнауынан өздері іздеген кен орнын тауып, кері қайтады. Москваға келген соң, экспедиция жетекшілері әлгі көл мен құпия үңгір туралы басшылыққа әңгімелейді. Бірақ, сол сәтте-ақ бұл туралы ешкімге жақ ашпау туралы бұйрық алады.

1980 жылы Үлкен Колигер көліне тағы  бір экспедиция шығады. Олар бұрын әңгіме болған үңгірді бұл жолы таба алмайды. Есесіне түн ішінде көлдің суын сарылдатып, астынан бір алып нысан шыққандай гүрілдеген дауыстарды естиді. Олар көлден алыстау орналасқандықтан, су астынан шыққан нысанды көре алмайды, бірақ онда ерекше бірнәрсе бар екеніне көздері анық жетеді.

Экспедицияның су астын зерттеуге қажетті жарақтары болма­ған­дықтан, ол жолы ештеңе таба алмай, құрқол қайтады. Ал 1981 жылы қайта жарақталып оралғанда, көлдің ізін де таба алмай қалады. Жергілікті халықтың айтуынша, бір сәтте көлдің суы жарқ-жұрқ еткен сәуле шығарып, үйдегі ит пен мысық түгел безіп кетіпті. Осы құбылыстан қорыққан тұрғындар үйлерін тастап, қауіпсіз жаққа кетіп қалыпты. Ал арада біраз уақыт өткен соң қайтып оралғанда жер сілкінісі болып, біраз үйді қиратып кеткенін көреді. Сол жолы көлдің суы да тартылып, батпаққа айналыпты…

Дайындаған

К.ТІЛЕПОВА.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.