СОТ ТӨРЕЛІГІНІҢ ӨЗЕКТІ ЖЕТІ ТҮЙІНІ

Арыс аудандық соты ҚР Жоғарғы Сотының «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасының «Үлгілі сот» бағытын жүзеге асыруда ауқымды жұмыстарды қолға алған. 2018 жылы Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым бағытты ұсынды. Судьялардан, адвокаттардан, сот қызметкерлерінен, заңгерлік қауымдастықтардан келіп түскен мыңнан астам ұсыныстың  негізінде  даярланған  бұл  жоба  «Сот жүйесінің 7 түйіні» деп аталды. Сот жүйесін дамытуға бағытталған жоба 7 бағытты қамтиды: «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы». Жеті жоба 2020 жылға дейінгі сот жүйесін дамыту тұжырымдамасының  негізін  құрды. Ол сот жүйесін  жаңа даму деңгейіне көтеруі тиіс. Аталған жобалардың негізгі ортақ міндеті – қоғамның соттарға деген сенімін арттыру.

Айта кету керек, бұл жұмыс жобалық менеджмент тәсілі бойынша жүргізілуде. Ол тәсіл барлық дамыған мемлекеттерде және жетекші компанияларда кеңінен қолданылуда. Қазақстанның Жоғарғы Соты Жобалық офисті ТМД елдері соттарының ішінде бірінші болып іске қосқанын да ерекше атап өтуге болады. Жобалық менеджмент бүгінде бүкіл әлемде кеңінен қолданылып жатқан басқарудың озық тәжірибесі болып табылады.

Жобалық офистің ішкі бөлігі «open space» – ашық кеңістік қағидаты бойынша қызметкерлер  бір-бірін көре отырып, қойылған міндеттерді бірлесе шешетін командалық жұмысқа негізделіп жасалған. Жобалық менеджмент нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған және қолда бар ресурстарды барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұдан әрі 7 жобаны іске асыру үшін судьялар мен сот қызметкерлерінен құрылған жеті топ құрылды. Осы бағыттағы барлық құжаттар Жоғарғы Соттың сайтына орналастырылған. Кез келген адам осы жобалар бойынша өз ұсыныстарын енгізе алады.

Ең бастысы, бүгінде осы жеті жобаның негізінде сот  жүйесін одан әрі дамыту, сот төрелігіне сенімді арттырып, сот төрелігінің әділдігін,  жауапкершілігін арттыру бағытында жұмыстар атқарылуда.

Жоба шеңберінде аз жұмыс атқарылған жоқ. Мәселен, Жоғарғы Сотпен «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулыға өзгерістер енгізілді. Қабылданған қаулыда екі қағидатты мәселе қамтылды. Біріншіден, сот шешімін жариялағаннан кейін судья қарапайым тілмен тараптарға өз шешімін түсіндіретін болады. Екіншіден, нормативтік қаулыда сот шешімін қалай дайындау туралы түсінік берілді. Өзінің маңыздылығына орай қаулы 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап қолданысқа енгізілді.

Аудандық сот медиация мен бітімгерлік шараларын ынталандыруға кірісті. Қазіргі таңда бірқатар істердің санаттарын сотқа жеткізбей шешу мақсатында нақты шаралар қабылданды. Оған қоса, ауданның барлық ауылдарында медиация кабинеттері ашылды, онда кәсіби емес медиаторлар, сондай-ақ пилоттық тәртіпте татуластырушы-судья жұмыс істеуде.

Алдағы уақытта судья лауазымына үміткерлерді іріктеудің жаңа тетіктерін енгізу мәселелері қарастырылатын болады. Өз кезегінде Сот төрелігі академиясына да жаңа талаптар қойылып, бұл оқу орны да өз тұжырымдамасына өзгерістер енгізіп жатыр.

Арыс аудандық сотында жоба негізінде «сотқа дейінгі татуласу» жобасы бойынша кәсіби емес медиаторлар жұмыс істеуде. «Үлгілі сот» жобасы бойынша  аудандық сот ғимараты ішінен сотқа келушілерге тиімді, әрі сапалы қызмет көрсету үшін «Фронт офис» ашылып жұмысын атқаруда. «Е-СОТ» жобасы бойынша халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Яғни, сотқа қатысатын тараптар өзіне жақын сотқа барып, үйінде немесе жұмыс орындарында отырып ұялы телефон арқылы сот отырыстарына қатысуда.

Жалпы алғанда, сот жүйесінде атқарылып жатқан шаралардың негізгі мақсаты – соттар жұмысын тиімді ұйымдастыру болып табылады.

Алдағы уақытта қоғамымызда мінсіз судьяның келбеті мен оған  қойылатын басты талаптар анықталып,  тәуелсіз сот төрелігінің халықаралық стандарттары негізінде қазақстандық қоғамның сұранысына сай, жоғары кәсіби сот корпусы қалыптасып, сот төрелігін атқару кезіндегі судьялардың сыртқы және ішкі тәуелсіздігін заңнамалық, құқықтық және материалдық кепілдіктерін арттыру жұмыстары ойдағыдай жүзеге асып, сот саласы жаңа бір сапалық сатыға көтерілетініне сенім мол.

Сондықтан сот  саласын жаңа бір сапалық деңгейге көтеріп жатқан «7 түйін» жобасынан әлі де күтер үмітіміз көп.

А.Ертаев,

Арыс аудандық

сотының төрағасы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.