Елбасы Жастар жылының салтанатты ашылуына қатысты
Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды Жастар жылының ашылуымен құттықтап, бұл шараның келешек ұрпақ үшін маңызы зор екеніне тоқталып:
Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз, сондай-ақ өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатыр, — деді. Елбасы ірі қалалардағы жас отбасылардың тұрғын үй проблемаларының өзектілігін атап өтіп, бұл мәселені шешу үшін тұрақты кіріс болу керектігін, сондай-ақ, адамның жақсы тұрмысының негізгі көзі – жұмыс екенін көрсетіп:
Өткен жылы Қазақстанда орта мектепті 125 мыңнан астам жас түлек бітіріп шықты. Келешекте еңбек нарығына шығатын жастардың саны арта түспек. Қазіргі уақытта елімізде 300 мыңға жуық адам немесе жастардың 9 пайызы оқуға және еңбекке тартылмаған. Бұл санатқа жататын жастардың санын азайтуға септігін тигізетін тиімді шаралар қабылдау қажет, — деді.
Сондай-ақ техникалық және кәсіби білім беру жүйесін сапалы дамытудың негізгі басымдықтарына арнайы тоқталып өтті.
Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға арнайы Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Бұл жас қазақстандықтарды қолжетімді әрі сапалы білім, жұмыс, тұрғын үй және отбасын құру жөніндегі маңызды қажеттіліктермен қамтамасыз етуді көздейтін нақты қолдау шараларын қамтуға тиіс.
«Ақорда»