ТҮРКІСТАНДАҒЫ МЕКТЕПТЕРДЕ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТУДЕ

Түркістан қаласындағы №9 мектеп-гимназиясында мектеп ұжымы мен «Мұрагер» ұлдар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұлың өссе – ұлысың, қызың өссе – ырысың» тақырыбында кездесу өттті. Білім ұясындағы 8-11-сыныптағы 150 ер бала және олардың әкелері қатысқан жиында қалалық білім бөлімінің әдіскері Ж.Сералиева, ювеналды полиция майоры Ш.Тілегенов, полиция капитаны Е.Кулбаев пен ел ағалары қылмыстың алдын алу, тәрбиелі болу жөнінде ой қозғады.

Аталмыш шарада ұлдар тәрбиесі, тәртібі,  мейірімділігі, бір-біріне деген бауырмалдығы жөнінде келелі әңгімелер айтылып, әрбір бозбала келешекте елдің нағыз патриотына айналуы тиіс деген пікірлер ортаға тасталды. Жиынға қатысушы мамандар әр қазақ бір-бірін жалғызым деп құрметтеп, көмектесуге, сыйласуға, құрметтеуге бейім болу керектігін шегелеп айтты. Бұзақылықтың түбі құрдым мен түрме екені сөз болды.

Сондай-ақ, осы күні №16 жалпы орта мектебінде 9-10 сынып оқушылары арасында «Мамандыққа саяхат» тақырыбында тренинг өткізілді. Тренингке 9-10 сынып оқушылары мен білікті мамандар қатысты. Оқушылардың мінез-құлқына байланысты психологиялық сауалнама жүргізіліп, профориентация бойынша баяндама оқылды.  

Сонымен қатар, Түркістандағы Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясында «Бүгінгі жеткіншек – ертеңгі азамат» тақырыбында оқушылардың ақсалдармен, қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен кездесуі өтті.  Ал, №31 жалпы орта мектебінде 10-11 сынып оқушылары  «Менің  таңдауым – Ханафи Мәзһабы» тақырыбында дін өкілімен кездесіп, психологиялық тренингке қатысты.

№11 жалпы орта мектебінде жоғары сынып оқушылары арасында «Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен заң сағаты ұйымдастырылып, әлімжеттік пен бұзақылықтың алдын алу мәселесі талқыланды. Мұндай жиындар Түркістандағы өзге мектептерде де жалғасын табады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.