ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Тәуелсіз елдің ертеңі – айбынды жастар! Міне, Қазақстан өзінің  ширек ғасырдан астам тұрақты даму кезеңдерінде жаһандық сын-қатерлерге жұтылып кетпей,  XXI ғасырға, өрлеу ғасырына  нық қадам басты. Әрине, еліміздің арайлы таңының пердесін тек белсенді жастар ғана көтере алады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та өз  Жолдауында: ”Біз Қазақстанның болашағы саналатын жастарды қолдауымыз керек. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды “Жастар жылы” деп жариялауды ұсынамын”,-деген болатын. Сондықтан, Қазақстанның жаңа даму кезеңі–тікелей жастардың қолында. Олай болса, бүгінгі күннің жалындаған кемел жастары қандай қарекет жасауда?

 Барша қазақ жерін қозғамай, өзімнің туған қалам Жетісайға тоқталғанды жөн көрдім. Жастардың бойындағы өнер-білімге деген шығармашылық ізденістерін дамыту, жастардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру мақсатында бірнеше іс-шаралар басталып та кетті.Жуырда  Жетісай қаласы әкімшілігінің қолдауымен аудандық “Жастар орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен “Жас Отан” жастар қанатының ұйымдастыруымен “Жетісай–жастар қаласы!” атты қала әкімінің кубогы үшін жайдарман ойыны болып өтті. Қазақстан студенттер сарайында өткен ойынға қала мектептері мен арнаулы орта оқу орындарынан 11 команда қатысып, “Мақтаарал жастары” және “Сырдария kz” командалары қонақ болып, өнер көрсетті. Іс -шара халқымыздың ықылым заманнан келе жатқан ұлттық мұраларымызды жастарға үлгі қылу мақсатында ұйымдастырылды.

Шараға ауданның Құрметті азаматы, батагөй ақсақал Оразқожа Бекахметов пен еңбек ардагері Нұржамал Байтасова қатысты.Келген қонақтар Елбасының жастар саясатына ерекше көңіл бөліп , қамқорлық жасауының нәтижесінде жастардың білікті маман болуларына ешқандай кедергінің жоқ екендігін айтып, өскелең ұрпақты сапалы білім алуға шақырды.

Биылғы жыл жастар үшін айрықша мәнді болатыны рас, жастардың қажеттіліктерін қамтамасыз ететін шараларға бөлінген қаржы ұлғайып, жастар мәселелері еліміздің барлық бағытының саясатында елеулі түрде ескерілетін болады. Мемлекет тарапынан жастарды қолдау үшін жасалып отырған “Жасыл ел”,”Жастар кадрлық резерві”,”Дипломмен-ауылға “,”Серпін–2050” және тағы да басқа бағдарламалар жұмыс атқаруда. Жастардың табанды еңбек етіп, елімізде болып жатқан оңды үдерістерге белсене қатысуы арқылы ғана  жетістікке қол жеткізіп, биіктерге көтерілуге болатынын түсінуі маңызды. Қазіргі қоғамдағы жастар тез жетіліп, тынбай еңбектеніп келеді.Мысалға ала отыра, мен өз ортамдағы жастарды білімді әрі интеллигент деп айтар едім.Ешбір қиыншылыққа қарамай, жастарымыздың алдағы болашаққа ұмтылып, мақсаттарына жетуге деген талпынысына шын жүректен риза боламын.Мені қуантатын тағы бір жайт – 10-15 жас аралығындағы жастар оқи отырып, білім ала жүріп түрлі жаңалықтар ашуда.Бұл біздің дәрежеміздің өскендігін білдіреді. Мен құрдастарыма:

– Алдарыңда таудай талап тұр.Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады.Оған жету үшін талмай ізденіңдер! -дер едім.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: “Біз, жастар, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің тамырын тереңдететін еліміздің жарқын болашағымыз! Халық мүддесін бірінші орынға қоя отырып, қазақ елінің атын күллі әлемге паш ететін батыл ұландары болуға бар күшімізді саламыз! Еліміздің мәртебесін бірге көтерейік, достар!

Аружан Өтеп, Жетісай қаласы,Ақниет ауылы,

№37 “Еңбек” жалпы орта

мектебінің 11-сынып оқушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.