Үлкендерге не жетпейдi?

Мен бұрын тұрмысқа шыққан соң, ең бастысы, ата-енемнің көңілін тапсам болды деп ойлайтынмын. Бірақ, отбасылық өмірдің қиындығын ене мен келіннің арасындағы қатынастан ғана құралмайды екен. Оған күйеуге шықпай тұрып-ақ көз жеткіздім. Менің ата-анам маған үнемі: «Үйден ұзатылмай, қашып кететін болсаң, бетімізді көрме», — дегенді жиі айтатын. Солардың қалауымен құда түсіріп, сырға салдырып, ырғалып-жырғалып ұзатылдым. Бірақ, сол ұзату тойына дейін бастан өткергенімізді айтсам, шашым ағарып кете жаздайды.

Алдымен «тәтті шай» үстінде менің анам мен болашақ енем той шығындары мен киіттерін, беретін мал-мүлкін ақылдасып отырып, бірдеңеге келісе алмай, қырықпышақ болып ұрысып қалды да, бәріміз жабылып жүріп тойға екі апта қалғанда ғана татуластырып, әзер дегенде той жабдығын қамдап үлгердік.

Ал тойдан кейін, мен бір үйдің жалғызы болғандықтан, менің ата-анам біздің өздерімен бірге тұрғанымызды қалады, ал ата-енем ұлын күшік күйеу еткісі келмеді. Сосын оларды сабасына түсіру үшін біз пәтер жалдап, бөлек шығып кеттік.

Ал тұңғыш ұлымыз дүниеге келгенде, ортақ немерелері үшін құда-құдағилар ақыры татуласар деп ойлап едік, керісінше, енді немереге талас басталды. Біз енді олар кездесіп қалмасын деп, бір дастархан басына бірге шақырмайтын болдық. Бірақ, олар немересіне келмей тұрмайды ғой. Келсе, кездеспей қалмайды. Сосын тағы да бітпейтін дау…

Болмаған соң, ешкімге айтпай, қаланың басқа бұрышынан пәтер жалдап, көшіп кеттік. Сосын күйеуім өз ата-анасына, мен өз ата-анама: «Егер немерелеріңді көргілерің келсе, татуласыңдар», — деген шарт қойдық. Бірақ, енді мына қызықты қараңыз, олар бізге өкпелеп, бізге қарсы бірігіп алыпты!

Мен күйеуіме: «Осы ойынның бәрін қойып, ата-анамызды үйге шақырып, бәрінен кешірім сұрайық», — десем, ол: «Әке-шешем біреудің кемшілігін теріп, бет жыртысқандарын қоймайынша, мен олардың балама жақындауына жол бермеймін», — деп қасарысып отыр.

Мұның бәрі немен бітетінін білмеймін. Бірақ, күйеуіме де қарсы келе алмаймын. Ең өкініштісі, бізге осындай отбасылық өміріміздің алғашқы жылдарында демеу болып, көп нәрсені үйретудің орнына өздері де ұрысып, біздің де отбасымызды ойрандауға дайын тұратын үлкендерге не жетпейтінін түсінбей-ақ қойдым…

Мақпал.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.