Зарина Дияс Индиан-Уэллс турнирінің ширек финалына шықты
QAZAQJOLY.KZ: Қазақстандық теннисші, әлемнің 96-ракеткасы Зарина Дияс Индиан-Уэллстегі (АҚШ) челленджер турнирінің ширек финалына шықты,
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда рейтингте өзінен он саты жоғары тұрған эстониялық тәжірибелі спортшы Кайя Канепимен шеберлік байқасты. З.Дияс 6:3, 7:6 (8:6) есебімен екі партияда жеңіске жетті. Тартысты кездесу 1 сағат 40 минутқа созылды. Зарина ширек финалда америкалық, әлемдік рейтингте 179-сатыда тұрған Франческа Ди Лоренцомен кортқа шығады. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Михаил Кукушкиннің жарақатына байланысты Дубай турнирінде ойнаудан бас тартқанын, Зарина Диястың Индиан-Уэллстегі жарысты сәтті бастағанын жазған болатынбыз. Сонымен қатар тағы бір қазақстандық Александр Бублик Франциядағы турнирдің ширек финалына шықты. Ол жартылай финалға шығу үшін франциялық, әлемнің 222-ракеткасы Максим Жанвьемен таласады.
АҚПАРАТ көзі: inform.kz