БЕЛГІЛІ АРХЕОЛОГ МАРАТ ТҰЯҚБАЕВ 63 ЖАСҚА ТОЛДЫ
Бүгін, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұжымы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, белгілі археолог Тұяқбаев Марат Қымызұлын пайғамбар жасы – 63 жасқа толуымен құттықтап, құрмет көрсетті.
-«Сіздің ізденіске толы еңбек жолыңыз — музейлер ісін өркендету мен тарих сырларын ашуда орны айрықша. Өнегеге толы ғұмыр жолыңыз — ізіңізден ерген шәкірттеріңіз бен барша музей қызметкерлері үшін ерекше тәрбие. Жәдігерлерге деген сүйіспеншілігіңіздің, жұмысқа деген жауапкершілігіңіздің арқасында көптеген археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, музей қорын тарихи мұралармен толықтыруға қосқан үлесіңіз ерен. Сізді, 63 жылы үлгі мен өнегеге толған ғибратты жасыңызбен қорық-музей ұжымы атынан шын жүректен құттықтаймын!»,-деп «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы.
Қорық-музей қызметкерлері мен шәкірттері қаншама тарих көмбелерінің бетін ашып, мәніне үңіле отырып, өз тәжірибесі мен біліктілігі арқасында жас мамандар зердесі мен танымын кеңейтуге күш салған ұлағатты еңбек ардагеріне арналған ыстық- ықыласқа толы тілектерін білдірді.
Тұяқбаев Марат Қымызұлы 1956 жылы 2 наурызда Түркістан облысында туған.
Музей саласында 30 жылға жуық еңбек етіп, мұражай ісін дамытуда ерен еңбектер атқарған. Марат Қымызұлы Түркістан, Отырар, Сауран қалаларының ескі орындарына Алматы қаласындағы «Археология және этнография» институтының мамандарымен бірлесе отырып, бірнеше археологиялық экспедициялар жасаған. Түркістан оазисіндегі бірнеше тарихи нысандарға археологиялық жұмыс жасауда басшылық жасап, музей қорын көптеген экспонаттармен толықтырды. 2000 жылы Түркістаннның 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында қорық аумағынан «Археология және этнография» және «Түркістан тарихы» музейлерінің эскиздерін жасап, мұражайлардың ашылуына ерен еңбек атқарды.
Тарих ғылымдарының кандитаты Тұяқбаев Марат Кымызұлының 115-тен аса ғылыми мақалалары және буклеттері, 5 монография және 2 ғылыми-насихат кітабы бар.
Марат Тұяқбаев «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» және 2016 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік төсбелгісін алса, 2008 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» атанған.