ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТЫҚ ШАРУА 4200 ТОННА ӨНІМ ӨНДІРУДЕ
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында жылына 4200 тонна өнім беретін ірі жылыжайдың жұмысы қарқынды. Жобаның жалпы құны 1,8 млрд. теңге. Заманауи технологиямен жұмыс істейтін жылыжайда қызанақ пен баклажан өндірілуде. 2009 жылы негізі қаланған «Жабай ата» шаруа қожалығының тыныс тіршілігімен журналистер облыс әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур барысында танысты.
Қожалық төрағасы ісінің ойдағыдай ілгерілеуін кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалармен байланыстырады.
«Жалпы жер көлемі 30 гектар болса, 28 гектарына жылыжай салынған. Оның 24 гектарына қызанақ, 4 гектарына баклажан егілген. Жалпы алғанда 840 мың түп көшет отырғызылды. Мұнда тамшылатып суару әдісі қолданылады. Технология бойынша сапалы өнім алу үшін тиісті жағдайдың бәрі жасалған. Демек, егілген әрбір түптен 4-5 келі өнім алудамыз. Бастысы біздің тауарға деген сұраныс жоғары. Бір сөзбен айтқанда жоспарымыз ойдағыдай жүзеге асып келеді», — деді Ергеш Төребеков.
Жылыжайда 80 адам жұмыс істейді. Дайын өнім өңірімізден бөлек, Астана, Алматы қалалары және солтүстік облыстарға жөнелтілуде. Тауардың 50 пайызға жуығы Ресейге экспортталады.
Сондай-ақ, тілшілер Сарыағаш қаласының Орталық саябағында болып, ондағы атқарылып жатқан шаруалармен де танысты. Жалпы 5,6 гектар аумақты алып жатқан саябақта қала тұрғындары мен қонақтарының серуендеп, уақыттарын қызықты өткізу үшін тиісті жағдай жасалған.
Қоғамдық орын жеке кәсіпкерге 10 жылға инвестициялық жолмен жалға беріліп отыр. Исабек Түктібаев өз қаражаты есебінен 115 млн. теңге қаржы жұмсап, саябақты ойын — сауық орталығына айналдыруды жоспарлаған. Жоба жүзеге асса бір мезетте 550 балаға дейін қабылдайтын орталыққа айналатын болады. Қазірдің өзінде онда түрлі 18 ойын аттракциондары орнатылған. Биыл қосымша 7 ойын алаңша іске қосылатын болады. Сондай-ақ, көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмақ емес.