ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА БАЛАМАСЫ ЖОҚ БІРЫҢҒАЙ ЕМХАНА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Түркістан облысы Шардара ауданында емханалық және стационарлық медициналық көмектің сапасы мен ашықтығын жақсарту мақсатында ҚР бойынша баламасы жоқ «Бастапқы медициналық-санитариялық көмек бойынша Ахуалдық орталығы» іске қосылды. Жаңа орталықтың міндеті — медициналық мекемелер мен дәрігерлердің жұмысы туралы ақпаратты қадағалау және өңдеу. Сандық жүйеге 100 пайыз қосылған.
Ахуалдық орталық Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасының базасында ашылып отыр. Бұл жүйе аймақтың денсаулық сақтау саласын бақылау мен басқарудың тиімді құралы болып танылды, яғни, әрбір аудан бойынша медициналық мекемелердің шұғыл әрекет ету шараларын қолдану арқылы онлайн талдау жүргізіледі.
Жаңа жүйені үйрену үшін сала мамандарына арналған семинар өтуде. Жиында облыстық рейтингтің онлайн талдау модулін қосу, сондай-ақ БМСК және стационар қызметтерінің дамуы мониторингі жүргізілді.
Айта кетерлігі, алдағы уақытта дәл осындай орталықтар Түркістан облысына қарасты барлық медициналық мекемелерде ашылатын болады. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек жұмысы аудан орталықтарынан шалғай ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталатын болады.
Сонымен қатар, аталған орталық арқылы дәріханалардағы дәрі-дәрмек қоры мен басқа да ресурстарды қадағалап отыруға болады.
Қазіргі таңда елімізде «Даму»ақпараттық технологиялар орталығында кешенді медициналық ақпараттық жүйе (КМАЖ) әзірленген. Бүгінде жүйе Түркістан облысының ауруханалары мен емханалары жұмысында табысты жүзеге асуда. КМАЖ-да өңірдің барлық денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде өңірде науқастардың электрондық карталары жүргізіліп жатыр. Электрондық режимде рецептер, зертханалық зерттеулердің нәтижелері беріледі, онлайн-консилиумдар мен диагностика өткізіледі. Жүйе емханаларда электрондық кезектерді енгізуге, дәрігерлердің жүктелуіне мониторинг жүргізуге, әрбір науқасқа жұмсалатын шығындарды ашық етуге мүмкіндік берді. Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының дәрігерлері мен сарапшыларына арналған бағдарламамен қатар, науқас жандарға арналған «DamuMed»арнайы мобильді қосымшасы енгізілді. Оны смартфонға AppStore немесе PlayMarket арқылы жүктеп алуға болады. Қосымша дәрігердің қабылдауына жазылуға, өз талдауларының нәтижелерін қадағалауға, » SOS » батырмасын басу арқылы шұғыл көмек шақыруға мүмкіндік береді.