«Сенген қойым сен болсаң…»
Бір кездері күллі қазақ қыздары мен келішектерін ұлттың ұйытқысы болуға шақырған ерекше телебағдарлама Ләйләнің «Әйел бақыты» еді. Шыны керек, сағат түскі екі бола қалса, барлық нәзік жандылар қауымы ұлттық арнадан күн сайын беретұғын бұл бағдарламаны ықыласпен тамашалайтын.
Сөйткен Ләйлә Сұлтанқызы бүгінде басқа әріптестері секілді рейтинг қуды ма, әйтеуір көгілдір экраннан адам аузы айтуға бармайтын, өте арзан дүниені көрсетіп, қазақ үшін жат «табу» тақырыптарды көтеріп, қалың көпшілік оған «сенген қойым сен болсаң…» дегенін айтатындай. Телеарнадағы «Қалаулым» мен «Кел келінімнің» масқарасы аз болғандай, енді Ләйләнің «Өз ойымы» да маскасын шешті.
Құдай-ау не деген масқара?! Өзін Алматылық филолог мамандығында оқып жатырмын деп таныстырған 18 жасар қазақтың қаршадай қызы келіп, «Пәктігімді 2 млн-ға сатамын» деп беті бүлк етпестен өзін жарнамалап отыр. Тіпті «май керек болса, мә құйрық» дегендей сұраныс көбейсе бағасы да арта беретінін, ашық саудаласатынын айтып мәз.
Ал бағдарлама жүргізушісінің мақсатыңыз қандай деген сұрағына «оқуымның ақшасын төлеп, бизнес ашамын» деп шімірікпестен жауап берді. Бетіңді басып қара жерге кірердей боласың. Тәйт деп айтып жөнге салар жан жоқ. Бұл ұлт трагедиясы! Масқара! Қыздың арсыз қылығын былай қойғанда, бұл телеарнадан айқайлатып көрсететін дүние ме еді өзі?
Неге ешкім қазақтың басында болып жатқан «катастрофты» көргісі келмейді? Қоғамда бар нәрсені айтып жатырмыз деп, өздерінің сол арзан, арсыз істі жарнамалап жатқанын неге түсінгісі келмейді? Дәл осы тақырыпта әңгіме қозғауға кез-келгеннің батылы жете бермесе керек. Демек, бұл жалдамалы актерлар.
Сонда Ләйлә Сұлтанқызы мұндай тақырыпты көтерумен қазақ жастарына нені үйреткісі келеді? Арсыздықты ма? Сұрақ көп, жауап жоқ. Түріктің бірнеше әйелі келіп телеарналарды былық бағдарламаларға толтырып, қазақтың жұмыс жоқ жүрген біраз жастарын жинап, оларға азын-аулақ теңге ұсынып, неше түрлі былықты айтқызып экранға шығарып жатыр. 3 бағдарламаға бірінен бірі асып барады… Өте өкінішті. Бұл сұмдыққа тоқтау бар ма?
М.Тағай