Рухани жаңғыру емес, ессiздену етек алған жоқ па?
Редакцияға хабарласқан С. есімді оқырман өзінің қызын тұрмысқа берудің мәселесі сөз етілген «Тәтті шайда» болашақ құдағиының «Әкелетін тоғызына «Аруақтар тоғызын» қосуды» талап еткенін айтып күйінгендей болды.
С: «Мен болашақ құдаларыма «тряпка» беруге сараңдық жасап отырған жоқпын. Баршамыз рухын қастерлейтін «Аруақтарды» қалың елдің алдында мазаққа айналдырып жіберген жоқпыз ба? Желауызды екеудің бірі «мына Пәленше атаның сүйегі қурап кеткен аталарына дейін «Құдалықтың киітін» киіп, қасындағы мазартта жатқандардың көзін қыздырмақшы ма?» деп айтпасына кім кепіл? «Басында кебінмен жерленіп еді, енді ол жақтың «Дискотекасына» қатысуға қолдары жетіп, «классический» костюм іздеп қалған ба?» деп одан әрі мазақтамай ма?
Жаратушы иеміздің шарапатымен көйлегіміз көк, тамағымыз тоқ, екінің бірінде автокөлік, той-қуаныштарымыздың өзін жалдамалы «Тойханаларда» өткізуге дейін қолымыз жеткенде «Шүкіршілік» етіп ұлттық құндылығымызды сақтаудың орнына, еріккен сарттың ермегіндей етіп, өзіміздің пасық пендешілік «ойынымызға» аруақтарды араластыруға дейін барып қалғанымыз ба? Не деген сорақылық! Өліп кеткен адамға киіт беруді кім шығарды? Мыңдаған жылдарда дана бабаларымыздан қалған – қыз ұзатылған үйде Аруақтарға бағышталып, «өлітіріге» келген малды сойып, Құдайы ас беріліп, Құран сауабын бағыштау бар емес пе? Аруақтардың рухына одан қастерлі құрмет жоқ еді ғой. Абылайдың түсіндегідей, мына заманның «бақа-шаян» ұрпағы келіп Аруақтарды мазалауға шыққаны ма? Біз алдымен тыныш жатқан аруақтарды сүйрелеп, әп-әдемі «Беташар» салт-дәстүрімізге ықпаландық.
Келін түсірген әулеттің өліп кеткен арғы ата-бабаларын түгелдеп, олардың атын атап, жаңа түскен келінге сәлем салғызатын болдық. Халқымыздың осыдан 100 жыл, 300,500 жыл бұрынғы тарихында осындай өрескелдік болып па еді?! Тіпті, өткен ғасырдың 70-80 жылдарына дейін мұндай келеңсіздікті көрген жоқ едік қой. Осының бәрін шығарып жүрген ер азаматтарымыз, ақсақалдарымыз деп ойлайсыз ба? Әрине, жоқ. Бәрі мына күн қысқарған заманның беталдылыққа кеткен қатын-қалашының тірлігі екеніне шүбәңіз болмасын.
Жаңа қоғамдық құрылыстың алғашқы қиындығы-ақ еркектердің еңсесін түсіріп жіберді. Онсыз да аяулы аналардың қолдауымен, ақыл қосып отыруымен жүрген еркектер аз қиындықтың өзінде сыр беріп алды. Кешегі дана бабалардың: «Қатынға айтпа сырыңды, қатынға айтсаң сырыңды, қатын сенің көрмейді бір тиындай құныңдының» дәл өзі келіп, еркектер қойнындағы қосағына «Тек, тек» деп айту түгілі, оның бір ауыз жылы сөзіне «морт» сынып қалатын болған жоқ па?
Тіпті, түп-төркіні «ханшайым» мағынасын білдіретін «қатын» сөзін лақтырып тастап, қойнымыздағы адал жарымызды түпкі мағынасы «күң, ойнас, көңілдес» дегенді білдіретін «әйел» деп айтып, мақауымыз шығып отырған жоқ па? «Әйел» сөзінің мағынасын түсінетін өзге ұлт өкілдері біздің «әйел, әйел» деп сөйлесіп жатқанымызды естігенде мына қазақ бауырларымыздың қатындары шынымен «әйел – күң, ойнас, ашына, көңілдеске» айналып кеткені сұмдық болыпты ғой деп жағасын ұстамай ма? Ықылым заманнан күні бүгінге дейін «қатын-ханым» сөзін пайдаланып келе жатқан өзбек, түрік т.б. түбі бір халықтың азаматтары өздерінің өмірлік қосақтарын «көңілдесім, ойнасым, күңім» деп айтпайтынына қалай риза болмассың? Біздің «әйелдерге» «қатын» деп айтып көрші, не болатынын өзің көре жатарсың.
Жалпы нәзік жандылардың тізгіні қолдан шығып кеткендіктен шығар, «әйелдердің» ұйғарымымен ұлттық құндылығымыздың өзгелер қызығатын салт-дәстүрлеріне бүгінде есіткен жан түршігетін сорақылықтар қосқан үстіне қосып жатқанымыз.
Қараңыз, біздің таулы ауданның бір ауылында келін түсірген үйдің кемпірі жаңа түскен келінді күйеуімен қосып алдына шақырып алыпты да: «Мына келінді мазаратқа апар, атасы мен әжесінің моласына сәлем салсын»,- депті. Екінші бір ауылда дәл осы жағдай қайталанғанда өрелі де, ойлы, батылдау келін енесіне: «Апа, осы өлгендерді қоя тұрып, тірілерге сәлем салуды қарық қылып алайын», -депті қасқайып тұрып. Сонда осы келеңсіздікті де өмір салтына енгізбекпіз бе? Осыны ер азаматтардың мешітте отырып жасаған пәтуасы деп ешкім де айта алмаса керек.
Аруақтарға тиетіні, тек Құран сауабы ғана емес пе? Жас келінді мазаратқа барып, сәлем салуға жұмсап жатқан «данышпан» енелердің ақылы асып бара жатса, жұма сайын Құдайы жеті наныңды істеп, аруақтарға Құран оқытқыз, қала берді жеті наныңды жұртқа таратып отыруды ұмытпа деп тәрбиелесе болмай ма? Бұрын қонаққа келген үлкендердің алдындағы ыдысты алып кетуге келіп, ас ыдысын берген үлкендерге сәлем жасап, солардың баталы тілектерін есітіп өсетін еді. Қандай жарасымды көрініп тұратын. Ал, қазір соның бәрі ұмытылып жатқанда, жас келінге мазаратқа сәлем жасатқызамын дегеніміз біздің өскендігімізді көрсете ме, өшкендігімізді көрсете ме?
Бұрын қазақта құдалыққа қатынның барды дегені болған емес. Құдалыққа ер кісілер ғана жол-жолымен, жөн-жөнімен барған. Құдалыққа жасы бойынша жас та болса, еркек барған. Қазақтың көрнекті қаламгері, қара сөздің хас шебері, жазушы Мархабат Байғұттың 7 жасар баланың құдалыққа баруы туралы әңгімесін оқығандар болса, қазағының керемет даналығын тереңнен түсініп, ұлттық құндылығымызға жамау жапсыруға бара алмас еді-ау. Бірде хабарласқан оқырман Рухани жаңғыруды жандандырыңыздаршы дей отып, өзінің нағашы апасының өзімен хабарласқанда: «Жиен-ау, нағашы қарындасыңның құдалығына 13 әйел,бір еркек болып барып қайттық» деп айтқанына намыстан жарылардай болып күйінгенін көрген едік. Қазір ойымызға не келсе, соны істейтін болдық .
Бірде 500-ге жуық адам жиналған жастардың үйлену тойында,тойды ашуға 4 әйел, 1 еркек ортаға шыққанда көрші үстелде отырған жігіттердің бірі: «Мына елдің еркектері қырылып қалған ба?» — деп ашуланғанын көріп едік. Еркек тұрғанда «әйелдің» бата бермейтінін ұмытып, ұлттық құндылығымыздың асылын да аяқ асты ете бастадық.
P.S. Қадірменді оқырман! Сіздердің де өзекті мәселе бойынша айтар орнықты ойларыңыз болса, оны тоқтаусыз жариялайтын боламыз.
Ә.МҰРАТБЕКОВ.