ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ АСҚАР МАМИН: ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ТӘУЛІК БОЙЫ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысын бақылап, биыл 23 наурызда өңірге жұмыс сапары аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды ескере отырып, қала құрылысын жалғастырудың кешенді мәселелерін қарады.

Үкімет басшысы қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында облыс әкімдігі, басқармалар мен департаменттер ғимараттары, Медиа орталық, Конгресс-холл салынатын құрылыс алаңдарында болды. Қала құрылысының басым бағыты — әлеуметтік маңыздағы нысандарды: стадион, Оқушылар сарайын, Халыққа қызмет көрсету орталығын салу. Музыка мектебін, бассейні бар спорт сарайын, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана салу жобалары дайындық сатысында тұр. Халықтың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында өңірді абаттандыру нысандарын дайындау жұмыстары жүргізілуде, олар: Тұңғыш Президент паркі, аттракциондары бар қала саябағы, музыкалық фонтан, амфитеатр, арбат. Барлық құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр және белгіленген мерзімде аяқталады.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин жұмыс сапары аясында облыс орталығының кіру қақпаларымен қаланы байланыстыратын Б. Саттарханов даңғылының учаскесін тексерді, оны реконструкциялау жұмыстары жүргін бөлікті 18 метрге дейін кеңейтуге мүмкіндік береді. ҚР Үкіметінің басшысы Түркістан қаласының маңында «жасыл белдеу» құру, ирригациялық жүйені дамыту бойынша жұмыстарды тексерді. «Арыс – Түркістан» каналының реконструкциясының және «Машинный» каналы құрылысының жоспары қаралды. Жобаларды іске асыру суаратын су тапшылығы мәселесін толық шешіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жыл сайынғы көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Индустриялық аймақ аумағын кеңейту және «TURKISTAN» АЭА іске қосу жобалары таныстырылды. Инфрақұрылымды жолға қою жеке инвестициялар ағымын тартуға мүмкіндік береді деп болжанған.

Қаланың тарихи-мәдени бөлігін дамытуға ерекше назар аударылды. ҚР Премьер-Министрі Қ. А. Яссауи музейінің, Туристік визит-орталықтың, тарихи сәулет формасындағы Шығыс моншасының құрылысы жүріп жатқан жерлерді аралады. Өңір әкімдігі «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру және қалашықтың тарихи нысандарын реставрациялау жұмыстарының жоспарымен таныстырды.

Нысандарды аралау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан қаласының 2019–2020 жылдарға арналған кешенді құрылыс және дамыту жоспарын іске асыру мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. 

Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев құрылыс, тарихи- мәдени нысандарды реконструкциялау, тұрғын үй мәселелерін шешу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу, жолдардың сапасын арттыру, туризм, ауыл шаруашылығы салаларын, арнайы экономикалық аймақты дамыту қарқындары туралы баяндады.

Осы жылдың соңына дейін Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 52 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл — 2300-ден астам пәтер, олардың ішінде 1200 отбасы, соның ішінде 270 аз қамтылған көп балалы отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспанамен қамтамасыз етіледі. Ұзындығы 82,5 шақырым болатын 69 көшені жөндеу, ұзындығы 42,2 шақырымдық 47 көшені абаттандыру, сондай-ақ ұзындығы 12,8 шақырым болатын велосипед жолын салу жұмыстары басталды. Өңірді газдандыру үшін 31,1 км магистральдық газ құбыры салынады, 2020 жылға қарай қаланы табиғи газға 100% қосу көзделген. Жалпы алғанда, құрылыс жұмыстарына 400-ден астам техника жұмылдырылып, 3500 адам жұмысқа тартылған. Жазғы кезеңде қосымша 2500 адамды жұмыспен қамту жоспарда бар.

Түркістан қаласының аумағындағы жекелеген нысандардың әлемдік маңызын ескере отырып, кеңеске халықаралық сарапшылар тобының мүшелері: Дүниежүзілік мұра объектілерін сақтаудың жай-күйін бағалау бойынша Ескерткіштер мен объектілер жөніндегі халықаралық кеңестің (ICOMOS) аға сарапшысы, профессор Михаэль Янсен (Германия), CIPA мұра құжаттары жөніндегі ғылыми комитетінің ICOMOS сарапшысы, доктор Она Вилейкис Тамайо (Канада) қатысты. ҚР мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы сарапшылармен бірлесіп, Қ. А. Яссауи ескерткішінің жағдайы, бекініс қабырғасын қайта қалпына келтіру және реставрациялау жұмыстарының Кесененің көрнекі қабылдануына әсері зерделеніп жатқанын мәлімдеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев, энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев Түркістан қаласының көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, энергиямен, газбен және жылумен қамту желілерін дамыту туралы баяндады. Түркістан қаласындағы нысандарды жүзеге асыруға жауапты Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарларының есептері тыңдалды.

«Күшейтілген жұмыс режимін енгіземіз», — деп Үкімет басшысы, «екі апта ішінде құрылыс жұмыстарын тәулік бойғы режимге көшіруді» тапсырды.

Нысандарды уақытылы пайдалануға беру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қаланың түркі дүниесінің аса дамыған мәдени-рухани және туристік орталығы ретінде қалыптасуына жол ашады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.