А.МҰХАМЕДИҰЛЫ: ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ КИІЗ ҮЙ ҒАНА ЕМЕС

-«Қазақ халқының өмірін көрсету үшін киноларда тек киіз үйді түсіре беру дұрыс емес.
Қазақ халқы жаз жайлауда, қыс қыстауда көшпенді өмір сүрген деп бір ғана көріністі көрсете беру әдетке айналған. Қазақ — тек киіз үймен көшіп-қонып қана күн кешкен халық емес. Біздің негізгі бейнеміз тарихи қалаларды тұрғызған көрегенділікте жатыр. Рухани жаңғырудың мәнін ашудың сыры да тарихты ұрпақ баласына дұрыстап жеткізуде жатыр. Жаттанды көріністі ғана қайталау беру өткенімізге шынайы құрмет емес. Неге тарихи қамалдар мен қалаларды салу, пайдаланудағы, қоғамдағы орасан зор рөлін насихаттамасқа?! Басқа елдер енді жеткен жетістіктерді әу баста — біздің ата-бабаларымыз жасап, пайдаланып қойғанын неге жеткізбеске?! Соның мысалы ретінде Сауран қаласын айтуға болады. Әрбір кірпішінің өзінде сол ғасырдағы терең философия жатыр. Қараңызшы, қаншама шақырым жерде топырақ астына көмілген қаланың орындары жатыр. Топырағын түртсең болды тарихы сөйлей жөнеледі «,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы  БАҚ өкілдерінің қатысуымен Түркістан облысына жасаған пресс турда.
Министр БАҚ өкілдеріне ортағасырлық Сауран қалашығының терең тарихымен таныстырды.
-«ХІІІ-ХVІІІ ғасырларға тән Сауран қалашығын насихаттай отырып, туристерді көптеп тартуға ықпал ете аламыз. Сауран қалашығы — «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы»  құрамындағы республикалық маңызы бар ескерткіш. Өздеріңіз көріп отырған қаншама аумақты қамтып жатқан қаладағы архитектуралық ерекшеліктерге көз жеткізуге болады. Қамал мен қабырғалардың жасалынуы, кәріз жолдарының маңызы, қаланың сол кездегі айрықша мәні терең. Сауран қаласын сақтау, қайта жаңартып, туристер ғана емес өзіміздің ұрпағымызға да ата-бабасының терең сауаты мен іскерлігін,  тарихының терең тамырын түсіндіруіміз керек. Әрбір жұмысты тарихқа шын жанашырлықпен жасауымыз керек. Сауран қаласына туристерді тарту, оларға жағдай жасау мақсатында Сапар орталығы салынатын болады. Ондай нысан Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қызы Гаухар ана кесенесі маңында да бой көтереді. Қазіргі таңда, жобалық сметалық құжаттары әзірлену үстінде.
Сапар орталығында арнайы күзет орындары, экскурсовод, ақпараттық орталық пен жатақхана,  тағы да басқа қызметтер  көрсетіледі. Биылғы жылы құрылыс басталуы тиіс»,- деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Nomad Explorer» республикалық туристік экспедициясының жабылу салтанатының Сауранда өткізілуі де Түркістан қаласынан 46 шақырым жерде орналасқан ортағасырлық қаланың мәртебесін насихаттауды мақсат еткен. Тарихтың төл мұрасын жаңғырту бойынша қарқынды жұмыстарға баса мән берген министр сыры терең Сауранды ел шетіндегі бос қамал қалпында ғана насихаттау емес, қазақ халқының ерекше бейнесі, еңбекқорлығы ретінде танытуға шақырды.
Қазіргі таңда Сауран қаласы солтүстіктен​ оңтүстікке қарай 850 метр, шығыстан батысқа қарай 660 метр созылып жатқан қорған қамалмен қоршалған. Қамалдың сақталған қабырғаларының биіктігі кей жерлерде 3 — 6 метрге дейін жетеді. Оған солтүстік және шығыс беттегі екі қақпа арқылы енуге болады. Қаланың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған, қорған қамалының ұзындығы – 2360метр.​ Қамал қабырғалары 2-3 метрлік едені кесектен және пахсадан тұрғызылған. Ең биік мұнарасы солтүстік бұрышында биіктігі 6 метр. Қамалдың сыртында тереңдігі 1-3 метр, ені 15-20 метр болатын ор іздері сақталған.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.