ТҮРКІСТАН: АРЫСТАНБАБ КЕСЕНЕСІНІҢ МАҢАЙЫ ЖАҢА КЕЙІПКЕ ЕНЕДІ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы жұмыс сапарымен Отырар ауданына барды. Ондағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. 

Алдымен аймақ басшысы Қоғам ауылдық округіндегі «Отырар-Құрал» ЖШС-нің қарқынды бауына аялдады. Алма өсірумен айналысатын серіктестік 2019 жылы құрылған. Жобаның инвестициялық құны 200 млн. теңгені құрайды. Серіктестіктің меншігінде 50 гектар жер болса, оның 12 гектарына 32 мың дана алма ағашының көшеті отырғызылған. Қазіргі таңда, бауда алманың Ред делишес, Голден делишес, Гала, Гренни смит сорттары егілген. Қожалық жұмысымен танысқан Өмірзақ Естайұлы аудан әкіміне Отырар аймағында қарқынды бау көлемін арттыру қажеттігін тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі Арыстанбаб кесенесінің кіре берісінде жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 331 млн. 929 мың теңге қаржы қаралған. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған. Жоспар бойынша биыл шілде айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов «Ауыл — ел бесігі» жобасына аясында ауданда атқарылар жобалармен таныстырды. Олардың қатарында аудан орталығын абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстары бар.

Сапары барысында Өмірзақ Естайұлы жаңадан салынып жатқан «Сапар» іскерлік орталығына барып, ондағы құрылыс жұмыстарына қанықты. Жобаны іске асыру үшін Республикалық бюджеттен 798 млн. 844 мың теңге қаржы бағытталып отыр. Бұл нысанның да құрылысы өткен жылы қараша айында басталған. Жоспар бойынша жыл соңына дейін аяқталатын болады.

Одан бөлек, облыс басшысы «Отырар-Сүт-Ет» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде болды. Сүт және ет өнімдерін өңдеумен айналысатын мекеме 2015 жылы құрылған. Кооператив тәулігіне 5 тонна сүт, 1 тонна ет өңдеуге қауқарлы. Жобаның инвестициялық құны 120 млн. теңгені құрайды. Мұнда жалпы саны 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Өңір басшысы ауданға жасаған сапарын Шәуілдір ауылында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысумен аяқтады. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан үйлердің құрылысы 2018 жылы басталған. Жоспар бойынша пәтерлер ағымдағы жылы маусым айында ел игілігіне тапсырылатын болады.

Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында аудан басшысы Ерлан Айтахановқа елдімекендердің экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеру мақсатында тиісті шараларды қабылдап, жоспар бойынша іске асыруды тапсырды.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.