ТҮРКІСТАН: АБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ОҚУШЫЛАРЫ ТАНЫМАЛ ҚАЛАМГЕРЛЕРДІ ТАҢҒАЛДЫРДЫ
«Jas Túrkіstan-2019» республикалық балалар шығармашылық марафонының екінші жұмыс күні Түркістан облысы, Келес ауданында жалғасты. Абай ауылындағы мәдениет үйінде өткен марафонда жергілікті мектептердің оқушылары өздері құрастырған роботтар мен машиналарын көпшілік назарына ұсынды. Өнертапқыш оқушылардың көрмесін тамашалаған Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген қаламгерлер мен бас редакторлар жас өрендердің қадамын оң бағалап, таңданыстарын жасыра алмады. Мағыналы кездесуді Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев ашып берді.
«Келес ауданында 63 білім ұясында 33 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Қосымша біліммен қамтылған балалар саны 12000-нан асса, қосымша үйірмелерге тартылған балалар саны 7500-ге жетті. Кезінде Тоқаш Бердияров, Зиябек Рүстемов, Немат Келімбетов, Зәкір Асабаев тағы басқа тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Келес алдағы уақытта да ұлтын сүйетін ұландардың ордасына айналары сөзсіз. Бұл іс-шара оқушылардың дамуына, ой-өрісінің кеңеюіне оң серпін береді», – деді аудан әкімі.
Абай төріндегі кездесуге Келес, Шардара, Қазығұрт, Жетісай, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының оқушылары мен ұстаздары қатысты. Оларға елге танымал қаламгерлер мен БАҚ басшылары ақыл-кеңестерін айтып, түрлі сұрақтарға жауап берді. Сонымен бірге оқушыларға «Ұлан», «Ақ желкен» және «Балдырған» балалар басылымдары таратылды.
Жиында «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек «Жапонияда сәби күтіп жүрген келіншекті кітапханаға баруға міндеттейді екен. Мақсат – баланы құрсағында жатқан кезден бастап кітап оқуға қызықтыру» десе, «Балапан» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы телеарнада балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымын арттыратын жобалар көбейіп келе жатқанын айтты. Ал ұлттық аударма бюросының өкілі, ақын, журналист Есей Жеңісұлы «Осындағы әрбір оқушы ертең ата-ана болады. Олар тым болмаса өздерінің ұл-қыздары сұрақ қойғанда жауап бере алатындай білімді болсыншы. Қазір әлемде төртінші индустриалдық революция жүріп жатыр. Ол не? Дамыған елдер қатарына қосылу үшін не істеу қажет? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеу, ұлы міндеттерді орындау – сендер сияқты өрендердің қолында» деді.
Жиында «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсенбек Мағлұмов, жазушы Аягүл Мантай, «Айқын» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Серікбол Хасан және «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова, жазушы, драматург Әлібек Байбол сынды қаламгерлер оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты. Өз өлеңдерін оқып, еркін пікір алмасқан оқушылар қаламгермен суретке түсіп, қимай қоштасты. Түрлі аудандардан келген ұстаздар мен шәкірттері осындай кездесулер жиі өтіп тұрса деген тілектерін жеткізді.
Кездесу соңында оқушыларға «Сақ» кионстудиясы түсірген «Түркістан» анимациялық фильмі көрсетілді.
Мәдениет үйіндегі кездесуден кейін қаламгерлер Келес ауданы, Қошқар ата ауылдық округіндегі «Өктемхан» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Жылына 60 тонна көкөніс шығаратын жылыжайда қызанақтардың кезекті түсімі жиналуға жақын тұр. Дәмі тіл үйіретін қызанақтан дәм татқан қонақтар еңбекқор Келес жұртшылығының іскерлігіне тәнті болды. «Jas Túrkіstan-2019» республикалық балалар шығармашылық марафонын ұйымдастырған Түркістан облысы әкімдігіне ризашылықтарын білдіріп, бұл жоба дәстүрге айналатынына сенім білдірді.