Өткен жексенбіде Шымкент қаласында тағы бір көркем фильмнің тұсаукесері өтті. «Асыл арна» телеарнасының бастамасымен түсірілген бұл фильм Алмас Алматовтың «Шабдалы» атты шағын әңгімесінің желісімен жазылды. Аталған туындының режиссері — Жандос Құсайын, ал идея авторы – Мұхаммеджан Тазабеков. Фильмдегі негізгі оқиға 2000 жылы болады. Фильмге белгілі актерлар: Нұрбол Айтулов, Жарас Ахметов, Шолпан Елгезекова, Айдана Қызылқұлова, Дархан Манақовтар басты рөлдерді сомдайды. Фильм сюжеттері Түркістан облысы, Жетісай ауданында түсірілген. Фильмге ана мен қызы арасындағы махаббат, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігі, астаналық әйелдің оңтүстікпен құдаласуы секілді оқиғалар астарлы әзілдер арқылы бүгінгі қоғам шындығын көрсеткен.
Бүгінгі күнде жоғалып бара жатқан қазақы салт-дәстүрлеріміз бен адами құндылықтарымызды дәріптейтін бұл фильм қалың көрерменнің жүрегіне жол тауып, көпшілік осындай фильмдердің қарасы көбейсе екен деп тарасты.
Ұ.Өскен
