Ресми кездесу рәсімінен кейін мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Қазақстан Президенті екі елдің экономикалық ынтымақтастығына, әсіресе энергетика, көлік, транзит, өнеркәсіп және ғарыш салалары мәселелеріне арнайы тоқталды.
– Ресей Қазақстанның сыртқы саудасындағы «нөмірі бірінші» әріптесі болып қала береді. Қазақстанның сауда айналымындағы оның меншікті үлесі 19 пайыз. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамуда. Елімізде Ресей капиталы қатысатын 9 мыңнан астам кәсіпорын өз жұмыстарын табысты атқаруда,-деді Мемлекет басшысы. Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде Ресейге алғашқы сапарының символдық мәнін атап өтіп, екі ел арасындағы байланыстардың жоғары деңгейде екенін айтты.
– Сіз қарым-қатынасымыздың деңгейін білесіз және өзіңіз де бұған көп үлес қостыңыз. Әрине, бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі. Біздің жай әріптес қана емес, халықаралық ұйымдар аясында да, екіжақты байланыстар бойынша да жақын одақтас екеніміз сөзсіз. Қарым-қатынасымыз өте тиімді дамуда. Нақты әрі айқын нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Бұл халықтарымыздың тыныс-тіршілігінен көрініс тауып отыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыз кең ауқымдағы екіжақты одақтастық байланыстарымызды нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін,- деді Владимир Путин.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары мәдени-гуманитарлық саладағы мемлекетаралық өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.
«Ақорда»
