03. Біле ме, бұл қазағың Бауыржанын?! Мекемтас Мырзахметов, филология ғылымдарының докторы: Баукеңнің маған берген сабағы
Орталық партия комитетінде армияда түркі халықтарының өкілдерінен генерал шығармау туралы қаулы болған екен. Соғыстан кейін бір-ақ рет болатын академия болды. Соған Совет одағы бойынша 250 адам таңдалды. Соның ішінде жалғыз азиат Бауыржан Момышұлы еді. Оны Баукең өте жақсы бітіріп шықты. Жаңағылардың барлығын генерал етіп жіберді де, Баукеңді генерал еткен жоқ.
Панфиловтың өзі батырлыққа, генералдыққа ұсынған. Одан кейін Серебряков ұсынған. Басқа да ұсынулар болды. Олардың бәрі де жүзеге аспады.
Бауыржан Момышұлы 1937 жылы Сібірде армияда жүрген кезде тексеру болған екен. Сонда бұл «онша сенімді емес» дегендей қағазға түскен екен. Осы да үнемі алдынан шығып отырады. Бұдан бөлек, Қазақстан үкіметі де оған жақсы пікір білдірмейді. Осы себептен ол кісіге батыр атағы берілмеді.
Бірақ батыр атағын халық берді ғой. 11 мыңнан астам Совет Одағының Батыры бар. Соның қайсыбірі сендердің естеріңде? Бауыржан «Совет Одағының батыры» атағын алмаса да, бәрібір оның атағы дүниежүзіне жайылды. Орыс армиясында Бауыржан Момышұлындай аса даңқты полковник болған жоқ.
Бауыржан Момышұлы жайлы жадымда сақталып қалған бір естелікті айтып берсем,онда аспирантурада оқып жүрмін. Ол кезде қазіргідей қаптаған газет-журнал жоқ. Бірен-саран ғана. Ана «Жұлдыз» журналына жазылу, шығу деген өте қиын. Соған енді жарияланғым келді ғой. Соны жеңгеме айтамын, көкеме айтайықшы деп. Бір күні жеңгем үшеуміз көңілденіп отырған кезде айтты. Баукең үндеген жоқ, күлді де қойды. Бізді бастырады екен деп ойлап, күтіп жүрдік. Бірнеше аптадан кейін тағы осындай жағдай болды. Баукең әңгіме бастады. «Осы сен Қашағановты білесің бе? Мына Семейде облисполкомның төрағасы, ол жаңадан қойшы қыздардан, жастардан бригада ұйымдастырып жатыр. Сен сонда барсаң қайтеді?», деді. «Неге?» дедім. «Қолыңнан келмесе, қой баққан жақсы»,-деді. Жаман намыстандым. Кейін өзімді қайрап жүріп, жаза бастадым.
Баукеңнің маған берген мықты сабағы осы еді…