04. Біле ме, бұл қазағың Бауыржанын?! Б.Момышұлының хатынан

Б. МОМЫШҰЛЫ:

 «Қазақ тілінің беделін түсіріп, бүлдіретіндер өте қауіпті, зиянды болғандықтан, барлық орыннан  қуылуы керек»

 Бауыржан Момышұлының Қазақ ССР Коммунистік партиясының хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовқа жазған хатынан:

 –Осы кезде қаладағы қазақ ұл-қыздарының төрттен үшінен көбі орыс мектептерінде оқығандықтан, ана тілден хабарсыз жастардың өсуі молайып келе жатыр. Олардың ата-аналары орыс мектебінде оқытуға мүлде әуес-ақ. Қазақ мектебін менсінбейтіндер де екеудің бірі болғандықтан,  он шақты жылдан кейін жас қазақтарға қазақтармен сөйлесуге тілмаш керек болуы тарихи масқаралық болар. Өзіміз орысшаны қазақ мектебінде жүріп-ақ үйренгенбіз.

Қазақ тілінің беделін түсіріп, бұрмалап, бүлдіретіндер халықтың халық болуына, ұлттың ұлттық қасиетіне өте қауіпті зиянды болғандықтан, барлық орыннан тіл құзғындары мен сұңғыттары, шүршіт болып кеткендер бетің бар, жүзің бар демей мейірімсіз түрде масқаралана қуылып, қолдарына таяқ ұстатып, қой бақтырған көп олжа болар еді.

Мен әскери адаммын, тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу салт-сана, ел намысы, ер намысы адамгершілік арына, жауынгерлік мұра-дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп біліп, сезе тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын.

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ,

  15-25.02.1944 жыл. Алматы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.