05. Біле ме, бұл қазағың Бауыржанын?! Аян-Сейітхан Нысаналин, ақын: Туралықты ту еткен
Ақырғы деміне дейін шындықтың шамшырағындай ғазиз басы ноқтаға симай кеткен Баукең жеме-жемге келгенде сол азаматтық биік ұстанымының аясында әрекет етті.
Мәселен, Мұхтар Әуезовті ерекше қадірлеп, зор талантын сыйлай отырып, пендешілігін де мақтамен бауыздағандай етіп айтып кетеді: «Менің даңқым Мұқаңның да құлағын елітіпті. Ол кісі майданда жүргенімде маған сегіз хат жазды. Бірақ та ол хаттарын кейіннен «ұлтшыл Бауыржанның» кесапатынан қорқып, менің академиядағы архивімнен өзі ұрлап алып жойды. Оны мен ол кісіге еш уақытта кешірмеймін. Қара жер айтып бара берсін. Кешірмеймін». («Көз алдымда бәріңсің…», 2007 жыл 3-бет).
Он жас үлкен Сәбит Мұқановқа да сын көзқарасын өзгертпейді: «Сіз «Гений» деген сөзге түсінбейсіз. Бәрің өзіңді, өздеріңді гениймін деп түсінесіздер. Сол дұрыс па, ағатай! Бәріміз гений болсақ, қазақ не болады? Соны неге ойламайсыздар?
Гений – это приоритет народа, а не отдельних личностей. Аспаннан түскен ешкім жоқ. Осыған сіз түсінбедіңіз, ақсақал!» — десе, тағы бірде бедел- атақтан қаймықпай төтесінен тартады:
«Ал сізде нысап жоқ. Алжыған шал екенсіз ғой. Оған дәлелім бар… Мысалы, мен оқырманмын, ит пен құсты оқымасам, мен Бауыржан болмаймын. Мен сіздің 16 томыңызды оқығанның бірі боламын. Бірақ та қарғасаң қарға, атсаң ат, не оқығаным есімде жоқ. Кешіріңіз, есімде жоқ». (Сонда. 17-19 беттер). Және бір тұста осы ойын шегелей түседі: «С.Мұқановқа званит еттім. Ол менімен суық түрде салқын сөйлесті. Дауыс деген Құдайдың бәлесі ғой, сонысынан білініп тұрды. Я наплевал на это. Бірақ айтарымды айттым, сұрақтарымды қойдым. «Сіз өзіңізді кәрі большевик санайсыз. Оныңыздың жартысы өтірік, жартысы шын. Сіздің жасыңыз биыл 70-те. Ең болмаса өлер алдында адал болыңызшы…» (30-бет). Бұлар аз ба?!