Өңiрдегi құрылыс қарқыны бәсеңдемейдi

Жуырда өткен Түркістан облыстық мәслихатының сессиясында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев биылғы 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы көрсеткіштеріне жан­жақты тоқталып, ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары бойынша нақты жұмыстар қолға алынатынын айтты. Өңір басшысы Президенттің бақылауында тұрған Түркістан мен Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстардың жайына тоқталып өтті. Облыс аумағында құрылыс өте қарқынды қолға алынып, 52,2 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көлем индексі 116 %-ды құраған. Облыста 6 айдың қорытындысымен 298,2 мың ш.м. тұрғын үй (2537 пәтер) пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 47,4%-ға арттыруға қол жеткізілген.

«Түркістан қаласында биыл әкімшілік-іскерлік орталықтағы 16 нысанның 7-еуі пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Олар: облыс әкімдігінің ғимараты, медиа орталық, «Нұр-Сұлтан» алаңы, қалалық саябақ, музыка мектебі, халыққа қызмет көрсету орталығы, олимпиадалық резервтегі спорт мектебі. Рухани-мәдени орталығында 11 нысанның 4-еуі, яғни, амфитеатр, әуенді су бұрқақ, шығыс моншасы және неке сарайы жыл соңына дейін тапсырылады деген сенім бар» дегенді нық сеніммен айтқан облыс әкімі Арысты қалпына келтіру мәселесі да басты назарда тұрғанын салиқалы сөз етіп өтті.

Бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары 17 секторға бөлініп, әрбір секторға республикалық маңызы бар қала мен облыстарды бекітіп, оған қоса облыстың аудан, қала әкімдеріне жүктелген болса, тапсырылған міндеттері жүзеге асыру тиянақты атқарылып жатқан жағдайы бар.

Арыста 7 мыңнан астам жеке, 104 көпқабатты тұрғын үйлерді, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды жөндеу қажет керек болса, бүгінде 5 646 тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары басталып, оның 1100-ден астамы қалпына келтіріліп, 3 тұрғын үйдің құрылысы жаңадан жүргізіліп жатқаны баршаға белгілі.

Осы қалпына келтіру жұмыстарына 200-ге жуық құрылыс компаниясы мен жұмысшылар тартылғаны белгілі болып отыр. Арыстық 4000 оқушыны және екі мыңдай ардагерді демалыспен қамту, тұрғындарға 100 мың теңге өтемақы беруге құжат жинау жұмыстары да жоспарға сай атқарылып жатқаны дәйекті дәлелдермен сөз етілді.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс қырық бірінші сессиясының жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Серік Қожаниязов, облыс әкімдігінің мүшелері, басшылар, ардагерлер және зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

«Қазақстан жолы» – ақпарат.

«Қазақстан жолы» газеті  №28 (754) 27.07.2019 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.