ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ЖЕТІСАЙЛЫҚТАРҒА АУДАННЫҢ ДАМУ ЖОСПАРЫН БАЯНДАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданы тұрғындарымен кездесті. Әкім халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, ел дамуындағы жаңа бағдарламалардың негізгі бағыттарын түсіндірді.

— Өздеріңізбен жүздесіп, сіздердің ой-пікірлеріңізді естіп, ауданды әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысып, жоспарларды саралау біз үшін өте маңызды. Алдыңғы кездесуде ауданның маңызды мәселелері көтерілген болатын. Өздеріңіз көріп отырғандай, Қызылқұм елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайтын 13 ішкі көшелер «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында орта жөндеуден өткізілді. Тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жаңа автоматтандырылған газ тарату станцияларын іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Жетісай қаласында дене шынықтыру кешенінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Ауыз су жүйелерін жаңғырту мақсатында құрылыс монтаж жұмыстары басталды. Кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт талап етеді. Көтерілген сұрақтардың барлығы өз шешімін табатын болады,- деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Жетісай ауданы қайта құрылғалы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 1,5 есе өсті. Биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен бұл көрсеткіш 33,5 млрд. теңгені құрады. Биыл жарты жылда 1,8 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды. Былтыр негізгі капиталға 15 млрд. теңге инвестиция бағытталса, биыл 6 айдың қорытындысымен 9,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнес саны 5 жылда 19 мыңнан асты. Өндірілген өнім көлемі 126,5 млрд. теңгені құрады.

Соңғы 5 жылда аудан бюджетінің өзіндік кірістері 539 млн. теңгеге артып, былтыр 3 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 2,5 млрд. теңгені құрады. Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу мақсатында индустриалды аймақ құру үшін қазіргі таңда 50 га жерді жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Жетісай қаласы аумағынан шағын өндірістік парк ұйымдастыру үшін инфрақұрылыммен қамтылған 4 гектар жер Түркістан әлеуметтік касіпкерлік корпорациясына ұсынылды. Шағын өндірістік парктің құрылысына «Түркістан» әлеуметтік касіпкерлік корпорациясы арқылы инвесторға жеңілдетілген несие беру мәселесі қарастырылуда. Жоспарланған шағын өндірістік паркте 15 шағын кәсіпорындар жайғасып, оларда 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылуы межеленген.

— Әкімдердің басты міндеті – жаңа кәсіпорындарды ашу, жаңа жұмыс орындарын құру. Мамыр айында облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына барып, ірі компаниялардың жұмысымен таныстық. Көздегеніміз — экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі, тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігін талқыладық. Қытай мемлекетінің кәсіпкерлері Жетісай ауданынан шитті мақтаны сатып алуға келісім берді. Бұдан бөлек, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы мен аудан әкімдері Өзбекстан Республикасына іссапарға барып, Наманган қаласындағы тоқыма өнеркәсібімен айналысатын «TST GROUP» компаниясының жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта Жетісай ауданында тоқыма фабрикасын салу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Осында жол жүріп келе жатқанда аудандағы дихандардың егістік алқабындағы тынымсыз еңбегін байқадым. Ауданда ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті жоғары. Бұл бағытқа ерекше көңіл аудару қажет,-деді облыс әкімі.

Ауданда егіс науқаны аяқталып 79,3 мың гектар егіс егілді. Оның ішінде 45,6 мың гектар мақта, 19,6 мың гектар бақша, 2,9 мың гектар көкөніс, 5 мың гектар дәндік жүгері және тағы басқа дақылдар егілді. Ерте егілген бақша өнімдері көршілес елдерге және еліміздің басқа облыстарына жеткізілді. 321 шаруақожалық иелері 1 236 гектар жерден екі рет өнім алу жобасын іске асырды. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 12 мың тонна жанар-жағар май бөлінді. 2023 жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өндірілген өнімнің көлемі 13,5 млрд. теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 млрд. теңгеге артқан.

— Биылғы жылы аудан дихандары үшін ағын су тапшылығы орын алғаны туралы хабарым бар. Шекаралас мемлекеттерден Сырдария өзенімен, Достық каналы арқылы келетін судың көлемін келісілген кестеге сәйкес жіберілуін қамтамасыз ету бойынша мәселе Үкімет қарауында. Жалпы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарлама Қарақай, Ж.Ералиев, Мақталы, Қазыбек би ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге 357 млн. теңгеге 71 өтінім мақұлданып, оның ішінде 25 өтінім бойынша 118 млн. теңге несие берілді. Ауданда жұмыспен қамту шаралары кенінен жүзеге асырылуда. «Еңбек» бағыты бойынша 5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 1 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды,-деді Дархан Сатыбалды.

Ауданда елді мекендерді абаттандыру, тұрғындарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту, жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі биыл 70 пайызға жеткізіледі. Ауыз сумен қамтылған тұрғындардың үлесі 99,7 пайызды құрады. Қазіргі уақытта аудан аумағында 4 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 1 нысанның құрылыс жұмыстарын биыл аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Ал, қалған 3 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі. Нәтижесінде, тұрғындардың 99,9 пайызы таза ауыз сумен қамтылатын болады.

Электр қуатымен қамту деңгейі 100 пайызды құрады. Табиғи газбен 27,6 мың абонент қамтылған, қамту деңгейі 52,3 пайызды құрап отыр. «Жетісай» және «Кирово»  автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы бүгінгі таңда аяқталуына жақындады. Нәтижесінде газ құбыры тартылған 7 елді мекен немесе 2,2 мың абонент қосылатын болады. Ауданда 82 мектеп жұмыс жасайды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында ауданда 6 мектеп салынады деп жоспарлануда. Жетісай қаласынан 500 адам қабылдайтын қалалық емхана пайдалануға берілген. Осы жылы аудандық Жетісай орталық ауруханасын күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрд. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Аудан құрылғалы бері бұқаралық спортты дамыту мақсатында елді мекендерде 14 спорт алаңшалары салынуда.

Кездесуде облыс әкіміне Жетісай ауданының тұрғындары түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты, өз өтініштерін жеткізді. Сондай-ақ жеке қабылдауда да өзекті мәселелер көтерілді. Әкім әрбір сұраққа жауап беріп, барлық мәселенің заң аясында шешілетінін жеткізді. Облыс әкімінің халықпен кездесулері басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.