97 жастағы ҰОС ардагерiне әкiмнiң 5 мың теңге «сыйлау» сорақылығы
Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордені мен «За отвагу» медалінің, жауынгерлік 6 медальдің иегері, 97 жастағы Жамбыл Байдаров Сарыағаш ауданы Ошақты ауылдық округіндегі Қоңыр төбе ауылының төл перзенті. 1941 жылы 19 жасында Отан қорғауға аттанып, 5 жыл қан майданның ортасында болып, тағы екі жыл әскерде қызметте жүріп, туған жерге 7 жылдан кейін оралады. Майдангер туған ауылына мектеп салуға бастамашы болып, оның іргетасын өз қолымен қалап қана қоймай, осы Қоңыр төбе мектебінде 32 жыл ұстаздық қызмет істеп зейнеткерлікке шығады. Асыл жары екеуі 4 ұл мен 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырады. Бір Аллаға «шүкіршілігін» айтып, ғұмыр қызығына кенелерміз деген кезінде аяулы қосағы – кемпірі фәни дүниеден өтіп кетеді. Сексеннің сеңгіріне шыққан кезден бастап, денсаулығы да сыр бере бастайды. Оның үстіне көңіліне демеу, өзіне сүйеу болып отырған кемпірі де жоқ. Бар үміті өзіне қарап отырған келіні мен шақырғанда келетін ақ халатты жандар ғана болып қалады.
Көзі қарақты, көңілі ояу қарт майдангер өз жағдайына байланысты емханасы мен ауруханасы жақын жерге қоныстануды мақсат етіп, әкімқаралардан үй сұраумен келеді екен. Құлағының ауырлығы болмаса, өзін сергек сезінетін қарт жауынгер: «Елбасыдан, облыс пен Шымкент қаласы әкімінен қаладан үй беріңіздер» деп сұрағаныма 10 жылдан асты. Жылда уәде береді. Анау Мырзахметов деген әкім 6 жыл уәде беріп, өзі кетіп менен құтылды»,-дейді. Кезінде Сарыағаш ауданы әкімдерінен қайран болмаған соң, Шымкент қаласы, Күншығыс шағын ауданы, 35-үй 17-пәтерде тұратын немере қызының қолына келіп паналайды. Ж.Байдаров қария 4 жылдан бері қысыла-қымтырыла осында тұрады. Ол кісіге ең керегі дәрігерлердің дер кезінде келіп, көмек беруі. Ең соңғы рет ҚР Президенті әкімшілігінен қарт майдангердің шағымы облысқа жолданғаны жөнінде 30.03.2017 жылы хабар жіберілген. Содан кейін тым-тырыс болған соң облыс әкімдігіне келіп, солардың «звоногынан» кейін ғана Сарыағаш ауданы әкімі Қ.Әбдуәлиевтің қабылдауына кіруге қолдарын жеткізеді. Аудан әкімі тоқ көңілде отырып: «Сіз Шымкентте пропискада тұрасыз, біздің сізге, сіздің бізге еш қатысыңыз жоқ», — деп шығарып салады. Майдангер енді облыс әкімі Ж.Түймебаевтың өзіне кірейін деп келгенімен, қазірше шешілмегенін ұлы хабарлады. Шымкент қаласы мен Еңбекші ауданы әкімдігіндегілер де ҰОС ардагерін күтесіз деп шығарып салыпты.
Ұлы Жеңістің мерекесіне орай Еңбекші ауданы қарт майдангердің жеке карточкасына 240 мың теңге аударып беріп, мерекелік дастарханға шақырады. Мұнда келген майдангер әкімдік қызметкерлерінен пәтер алу мәселесін сұрап, олардың «Әлі күтесіз ғой» деген жаттанды жауаптарына өкпелеп, залдан шығып кетеді.
Енді қарт майдангер балаларына «Мені самолетке отырғызып жібересіңдер. Ақорданың алдында жатсам да қаладан пәтер алу мәселесін шешпей қайтпаймын» деп қиғылық салып жатқанын келіні Асима Тасмурзаева редакцияда күйіне отырып әңгімеледі. Майдангер-ұстаз туған ауылына жиі-жиі баратын көрінеді. Ағайындарын аралайды, кемпірінің басына барып Құран сауабын бағыштап тұруды әдет етіпті. Ел-жұрты да жиын-тойларынан, басқосуларынан қалдырмауға тырысатын көрінеді.
Редакцияда болған майдангердің келіні А.Тасмурзаева мереке кезінде майдангер атасын Сарыағаш ауданы әкімі Қ.Әбдуәлиев пен Ошақты ауыл әкімінің қорлағандай әрекетке барғанын қынжыла айтып берді. «Атам үйге келген еді. Сол күні қолында 5 мың теңгесі бар бір жігіт үйге келіп, «Аудан әкімі Қ.Әбдуәлиевтің тапсырмасына орай, осы ауылдың әкімі атаңызға 5 мың теңгені беріп жіберді» деп состиып тұр. «Ешкімнің садақасына зәрлі болып отырған жоқпыз» деп оны үйден қуып шықтым. «Оқыған адамдар ең құрығанда 97 жастағы майдангердің мерекелік көңілін бұзбаса қайтеді? Ақшасы құрысын, атамның мерекесі құтты болсын деп аңқылдап келген адам жоқ, қайыршыға бір нәрсе бергісі келгендей түр көрсеткеніне атам түгілі, көрген жандардың өзі түңіліп кетті ғой», — дейді намысқой Асима.
«Ауданда 300 мыңнан асатын халыққа төбесін көрсетіп қалатын жалғыз менің атам ғана. Ауданда бірде-бір ҰОС ардагері жоқ. Атам 52 жыл ұстаздық етіп, мыңдаған шәкіртті тәрбиелеп шығарды. Ел ішінде абырой-беделі жоғары. 97 жасқа келген майдангерге аудандағы әкімқаралардың берген сәлемінің өзі осындай болып тұрса, басқаға не деуге болады?» — дейді іштей ренішін жасыра алмаған келін.
Алдағы уақытта бұл мәселені кеңінен сөз етуді жөн көріп отырмыз.
Әділ Мұратбеков.