«Бізде бәрі де бола береді» деген мақалымды мақамдатып көп айтушы едім… Сол бекер болған сияқты… «Жындының сандырағы келеді» деген рас болды…
Арыстағы төрткүл дүниені дүр сілкіндірген төртінші жарылыстың дауысы басқа-басқа, осы апатқа тікелей жауапты Қорғаныс министрін ұйқыдан оята алмапты..
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев: «Арыстағы апат үшін Қорғаныс министрлігінің кешірім сұрауына негіз жоқ. Бұл қару-жарақтардың жарылуы табиғи құбылыс», -деп соғыпты.. Үш адамның өмірін қиған, жүздеген адам жараланған, Арыс қаласының үйлері қирап, адамдары түгел көшірілген алапат апатқа кешірім сұрамаған Қорғаныс министрі кімге керек? Өзге, өзін-өзі сыйлайтын дамыған елдерде мұндай оқиғаның жүзден бірі болғанның өзінде қорғаныс министрі өз еркімен отставкаға кетеді.
О заманда, бұ заман атамзаманнан Арыстың іргесінен аулаққа әкетілмей жатқан қоймалардағы әскери қару-жарақ әскерилердің жауапсыздығынан жарылып кеткен адам айтқысыз алапат апатты «табиғаттың ісі» деп Құдайға аудара салған министрді кім көрген?! Балаларын арқалап, қырға жалаңаяқ, жалаңбас жаяу қашқан аналар, әке-шешесінен айырылып қап шырылдаған балалар, жауып жатқан оқтан қашамын деп шаршап-шалдыққан шал-кемпірлердің күйзелісі мен үш адамның өлімі сонда қорғаныс министріне шыбын шаққан ғұрлы әсер етпей тұр ғой.
qazaquni.kz
