Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында президент банктік емес кредиттеу ұйымдарында тәртіп орнатуды тапсырған. Заң бойынша жылдық тиімді ставканың шекті мөлшері 56% деп бекітілген. Ал айыппұл мен өсімпұлдың ең жоғары мөлшері кешіктірілген әр күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,5%-нан аспайды. Бұдан бөлек, Азаматтық кодексте жеке тұлғаларға барлық комиссияны есепке алғанда жылдық тиімді ставкасы 100% одан асатын қарыз беруге тыйым салынған.
Заңнамалық шектеулерге қарамастан онлайн кредиттеу компаниялары жылдық мөлшерлемесі 100% одан асатын қарыз беруді жалғастырып келеді. Бұл сыйақыдан бөлек, олар түрлі сылтаумен әртүрлі комиссия ұстайды. Нәтижесінде жылдық тиімді ставка 600-700%-ға дейін баруы мүмкін. Бір таңғаларлығы, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еш шара қабылдамай отыр. Дәл қазір бұл “індет” коронавирустан да жылдам таралуда.
sputniknews.kz
