Зайырлылық-Тарихи Талап

Ел Тәуелсіздігімен келген жаңа қоғамдық құрылыстың өзгерістері де өз арнасын тауып, ты­ныс-тіршілігіміздің қалыпты жағдайда бірізділікке түсуіне әкеліп отыр. “Дәстүрлі емес конфессияларды жабу керек, құрту керек” дейтін сәуегейлер мен дақпырт жасаушылар құқықтық-демократиялық негіз­дерді мойындаған әлемдік үр­діс – зайырлы мемлекеттік ұс­таным шеңберінде көп кон­фессионалды жағдайдағы ел­дерде діни төзімділік пен тағат­тылық таныта бейбіт қатар өмір сүруді қалыптастыруы қажет-ақ. Бұған ұстамдылық пен жі­гер керек. Оның бәрі терең тү­сіндіруді қажет ететін және ыж­дағаттылықты талап ететін байыпты-күрделі кешенді жұ­мыс жүргізумен келеді. Осы орайда “Қазақстан жолы” газетінің бас редакторы Оңғар Тәжиевпен сұхбаттасқан едік.
– Сізге қояр сауалымыз: Мына заманның зайырлылыққа бет­бұ­рысын қалай түсіндірер еді­ңіз?
– Қазір ел арасында жерімізде бұрын-соңды болмаған діни ұйым­­­дар жайлы әңгіме бола қал­са, «атойлап, аттандап» шы­ға келетін пақыр ойлылар мен «данышпансып» шығатын кеу­демсоқ «пасықтар» аз емес. Мұндайға Абай хәкім: «Көп­те ақыл жоқ, ебін тап та жөнге сал» деген ғой. Әлемдік гео­саяси ықпалдастықтар аясы кеңіп, қоғамда түрлі қарым-қаты­настардың күрделенген тұсында жаңа заманның талап-үрдістерін ескерусіз қалдыра алмасымыз анық-ақ.
Сондықтан да мемлекеттің іш­кі-сыртқы саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, рухани-ді­ни құрылымдарының жұмыс ат­қа­ру стилі мен бағдарлық жо­ба-нұсқаулары ұлт-мемлекет тұтас­ты­ғына нұқсан келтіретін жат мүд­денің ортада орын алмауы үшін халықаралық келісім фактілеріне, конвенцияларына жіті мән беріп, халық, ел, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қарастырады. Оның негізгі басты құ­ралы зайырлылық болып табылады.
– Ата заңымыздың 1-ба­бының 1-тармағындағы «Қа­зақ­стан Республикасы өзін за­йырлы, құқықтық мемлекет ре­тінде орнықтырады» деген ұстанымның маңызы неде?
– Еліміздің Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақ­стан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» деп бекітілген жә­не бұл мемлекет пен оның түрлі наным-сенім, әдет-ғұрып, діни ұстанымдағы азаматтарының құр­­­­ған қоғамдық ұйымдарының ара-қатынасын реттеу жолы. Алай­да, зайырлы мемлекеттің клас­си­калық үлгісі дегенде бір көз­бен өлшеп-пішу талабы жоқ. Әр мемлекет өз азаматтарының тари­хи-мәдени ортадағы қастерлі құндылықтарының тарихи мәні мен ел, ұлт тұтастығының не­гі­зі саналатын қазықтан адас­тырмайтын жол іздейді. Ғасырлар бойғы жинақталған орасан зор тәжірибелер мен қоғам дамуы талаптары тудырып отырған бас­ты өлшем-қасиетті Құранда дә­ріптелген әділдік, азаттық, теңдік, заңдылық аясында ғана әрекет етіп, өмір сүру.
Құқықтық мемлекеттің негізгі прициптері азаматтардың дініне, тіліне, нәсіліне, үлкен-кішісіне, тіпті азаматтығы бар-жоғына қарамай-ақ оның өміріне қауіп төндіретін қызмет атқару, демалу, білім алу, танысу мүмкіндіктеріне қайшы келетін жат пиғылдарға тыйым салынуы қажет. Зайырлылық кез­дейсоқ пайда бола қойған жоқ. Ол адам баласына Алланың бер­ген азаттығын, қалау еркіндігін Құдай тағаланың әділ жолын іздеу барысындағы талпынысының нәтижесіндегі жеткен жетістігі. Зайырлылықтың түрлі үлгісі бар. Бұрынғы ұстаным-үлгілерде дінге тыйым салып, Құдайсыз қоғам құру мақсатындағы мысалдар оның көне, жабайы түрлерінің бірі болса, бүгінгі үлгі адамзат қоғамын түрлі текетірестер мен қырғи қабақ соғыстардан сақтай алатын жолға түсіре білді. Мұны біздің алдыңғы толқын ағаларымыз өз бастарынан өткеріп көрді.
– Кеңестік дәуірге дейінгі кезеңдегі қазақ тынысына қа­тысты не айтасыз?
– Тарих жолында қазақ хан­дығының саяси жүйесі ешқашанда біржақты ауытқыған теократтық үлгіде болған емес. Олардың бір парасы адам құқығын шектеп, Құдайлық құлық пен мораль-этикаға қайшы әрекеттер жасауға барған болса, «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғы­сы» аталған елдікті, қауіпсіздікті, рухани-мәдени, тарихи-әлеуметтік ортаны сақтау, адам тәрбиесі мен оның құқықтары жоғарыда айтылған талаптарды ескеріп жасалғанын айтуға болады.
Ал мәселенің екінші жағы сырт елдерден дін атымен келіп, діннен көрі «індет» деуге ғана болатын Құдайлық үкім-заң жо­лын, жалпы әділдік, теңдік прин­циптерін бұзып, жат жұрттық мүд­дені көздеген топтардың әре­кеті бір басқа. Олар туралы да халық ащы шындықты білген. Ақсүйектер аталатын жіктерге бөлініп және рухани-әлеуметтік деңгейдегі топқа бөлініп өмір сүрді. Қазақ қоғамында хан ре­тінде тек Шыңғысханның тікелей ұрпағынан тараған (төре) тұқы­мынан еркек кіндіктілер сайлау құқығына ие болды. Иә бұл сол кезеңге тән әскери-әлеуметтік топтың кезеңдік ұлы өзгерістері заманындағы уақытша құбылыс сияқты көрінгенімен, бір емес бірнеше құрлықтар арасындағы қарым-қатынастар қалыбы мен даму, қалыптасу үрдісіне зор ықпалы болған құбылыс.Оның да сыртқы күштер дүмпуімен дү­ниені дүрліктірген «әулікпелі» де мүләйім, екіжүзді, зорлыққа құ­рылған қондырғылары болатын.
Ал қазіргі зайырлы қоғамы­мызда «мен пірмін, менің мүридім боласың…олай етпесем сен адасып кетесің», «мен ақсүйекпін, ақсүйек ұрпағымын, сен қарасың…» деу Құдай жолын былай қойғанда қай елдің заңына сәйкес келеді? Бұл түбірімен ғана емес, түп-тұқиянымен Ата заңымызға, оның зайырлылық қағидасына қайшы келетін ұғым емес пе? Жалпы мұны адамдық болмысты, ол өмір сүріп отырған қоғамды, оның тұтас ұстанымын кемсіту деп түсінген жөн. «Жікшілдік», «текшілдік» бөлінушілік осылай басталады. Одан қай халық пайда тапқан? Бұдан ешқашан еш елде еш халық, соның ішінде қазақ та сордан өзге ештеңе тапқан жоқ. Сондықтан да, талайлы тағдырынан терең тағылым түзген қазақ жады да мұны ескеріп, Егемендік алған тұста әрбір Қазақстан азаматы тегіне, ұлтына, жынысына, нәсіліне, діни сеніміне қарамай заң алдында бірдей, тең саналатындығы басты заңымызға жазылды.
– Қазақ қоғамындағы зайыр­лылыққа бабаларымыз қандай ұстанымда болды?
– Қазақ қоғамында да өзге әлем діндарлары арасындағы сияқты діни зерде ақыл-ой, сенім, ғибадат, тәрбиелік мәні зор асыл мұра саналып, оған ұлттың зия­лы қауымы жанашырлық сипат­та ғана емес одан әсте биік әре­кетшіл парасат деңгейінде қарай алғанына тарих куә. Мұ­ны тағдыр бір замандардың қан­қасап қауырт қыспақтары мен тар заман тұрлаусыз тұсында да ұмыт қалдырмаған. Одан шет қалу елдіктен, адамдық құлықтан, тіршілік тынысынан айырылу екенін санасымен саралай білген әзиз бабаларымыз ұрпаққа оның қадір-қасиетін терең ұқтырып отырған. Атап өткеніміздей, мұн­дай әрекеттерін олар қандай да бір қиын-қыстау замандарда ұмыт қалдырған жоқ. Әлбетте бұл қат­ты қарсылықтар, қиындықтар көршілес империялар тарапынан жиі орын алды. Соның айғағы ретінде XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басында Патшалық Ресей одан соң қызыл үкімет империясы қазақ елі мұсылмандарының діни бостандығына шектеу қоюына бет бұрды.
– Алашордашылар діндер мен діни сенім теңдігін қалай қарастырды?
– Тағдыр талайының тәлкегімен олардың қол астына өткен қазақ халқы бұл саясатқа жауап ретінде «Алаш» партиясының бағдарламасында діндер мен діни наным – сенімдерінің теңдік принциптері қарастырылып, Қа­зақ­стан жерінің өзінің муфтия­тын құру мәселелерін көтерген болатын. Бұл мақсатта алашор­дашылар қалыптасқан жағдайға орай біршама діни талаптардың иін жұмсартып жергілікті мол­далардың шариғи құзырларын шектеуге және тек қана неке, талақ, туу және өлім тіркеулерін жүргізу рәсімдерін ғана сөз ету арқылы империялық үкімет алдында дін мәселелерін өз құзіретінде ұстау үшін оны талқылауды кейінге қалдыруды алға тартқан. Бірақ бұл бастамалары жүзеге аспады. 1921 жылы Кеңес билігі кезеңінде би, имам, ишан, хазірет, муфти мен мұсылмандар діни басқармаларына сайлауға қатысуға тыйым салынған. 1926 жылы ресми құжаттарда мұсылмандардың «антикеңестік бағыты» тезисі алғаш көтерілді. 1927 жылы «исламмен күрес» шаралары жүргізілді. Нәтижесінде, мұсылмандар діни басқармасы басқа да діндер сияқты ауыр репрессияларға ұшырап, көпте­ген шіркеулер мен мешіттер жабылып, қиратылды. ІІ Дүние жүзілік соғыс басталуымен ғана репрессиялар тоқтатылып, кеңес үкіметі мемлекеттік ұстанымдарын өзгерте бастаған болатын. Орталығы Ташкентте орналасқан Орта Азия мен Қазақстанның діни басқармалары ашылған. Нәтижесінде, 1961 жылға қарай Қазақстанда 25 бірлестіктер мен мешіттер тіркелген. Оған қоса 60- қа жуық тіркелмеген бірлестіктер мен 500-ден астам молдалар саны көрсетілмеген. 1989 жы­лы республикамызда ресми тір­келген мешіттердің саны 59-ға жетті. Ал 1990 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылған болатын.
– Қасиетті Ислам дінінің елі­мізде дәстүрлі дін ретінде қалыптасуының негізіне тоқ­талып өтіңізші?
– Қазақстан жеріндегі мұсыл­мандық үрдістер мен халықтың оған сай әдет-ғұрып, діни ұс­танымдарын қалыптастырған ис­ламның тарихы 10 ғасырға жуық уақытты қамтиды. Ислам қазақ халқы үшін дәстүрлі дін болып табылады. Қазақ халқы түркі әлемінің бірнеше ұлыстары мен ұлттары сияқты өзінің рухани-діни ұстанымын түзген исламның сүнни бағытының, Ханафи құ­қықтық мектебінің өкілдері болып табылады.
Аталған мектептің басты же­тістігі пайғамбар мен оның із­басар сахабалары дүниеден өтіп, ислам негіздерін «Аһли сунна уал-жамаға» жолы ретінде үммет ғұлама-ғалымдарына, ұлы имамдарға аманат еткен ал­дың­ғылардың ісін ислам жауларының жетегіне бермей, оның мұсылман өлкелерінде де ғылыми-тәжірибелік құқықтық оша­­ғы құрылуын мүмкін етуі. Енді оның айрықша ерекшелігі ретінде Алла мен адам арасындағы таныту мен тану ара қатынасына орай Құранда көрсетілген үкім-заңдар мен қағидаттық желілерді барынша таза әрі әрбірінің өз құзіреті аясында ғана ұғынылып, тәжірибеде қолдануда аса зеректік пен тағаттылық, көсем көрегенділікке бағаланатын шешімдерін айтамыз.
Бар және жоқ қылушы құдірет иесінің жан беріп, алушы құзіретінің әлеуметтік ортада уақыт пен кеңістік және жағдай жайына орай ұғынылуының алғашқы сүрлеулерінің «Аһли сунна уал жамаға» – жалпы мұсылмандарға ортақ бірегей мектебінің алғашқы өлкелік ханафи мәзһабы атауы­мен аталған сүбелі жолын сал­ды. Осы шешімдерден де біз бүгінге жеткен жарық жол – ілім шырағынан, Хақ тағаланың пен­десіне деген махаббатын, мейірім шапағатын танимыз.
– Кереғар діни ағымдардың елімізге дендей сіңуіне қандай себептер болды?
– Бүгінгі этносаяси ықпал­дастықтар аясында оның бір жа­рығы осы зайырлылық принципіне сүйенген ұлыстар мен ұлттар, барша азаматтарды надандық, қараңғы қасам жолдан құтқару әрекеті болып отыр. Оның бүгінгі алғашқы көрінісі мен қадамдарына мына төмендегілерді де жатқызуға болады. Еліміз егемендік алуымен ислам қайта өрлеу кезеңінен өтті. Оған елімізде мешіттер мен діни оқу орындары көптеп ашылуы дәлел бола алады. Сонымен қатар, мемлекет басқа діндер мен конфессиялардың да бейбіт қатар өмір сүруіне мүмкіндік жасады. Бұған еліміздегі сенім бостандығына байланысты қа­был­данған либералды заңды айта аламыз. Дәстүрлі емес діни ағымдар, оның ішінде ислам атын жамылған теріс ойлы діни-саяси топтардың мұсылмандар арасына сыналып енуіне алғашқы кезең мұрсат беріп қойды. Олардың діни топтар ретінде көптеп таралуына себеп болды. Исламның дамуына радикалды және экстремистік топтардың жат идеяларды уағыздауы кесірін тигізді. Осы жағдайларға байланысты елімізде Ханафи бағытындағы исламның дамуына үлкен орын берілуіне көңіл бөлінуде. Және солай болуы да керек.
– Еліміздің қазіргі тыныс-тіршілігіне қатысты не айтар едіңіз?
– Қазақстан Республикасының жас мемлекет ретіндегі қалыптасу кезеңін барынша тиімді зерттеп, өздерінің арамза пиғылдарын жүзеге асырғысы келетін шетелдік жат, жау күштер алғашқы жылдардағы тәжірибеміздің аздығын пайдаланып, діни ахуал мен сезімге, көңіл-күйге барынша әсер етуге талпынып, түрлі жолдарды пайдаланды.
Елімізге тәуелсіздіктің ши­рек ғасырында мақсаттарын бүрке­мелеп, арамза пиғылмен енген діни ұйымдар мен ағымдар үшін осы өтпелі кезеңде қадағалаудан тыс қалған әлеуметтік топ үгіт-насихат жүргізетін негізгі объектіге айналып, талай адамдарымыз алдау мен арбауға түсіп үлгерді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рында діни идеяларға жаппай бет бұрыс дұрыс қадағаланбады, шет елдерде діни білім алғандардың көбі Араб әлемінде жүрген аджами идеяларға барып саятын сұрқия саяси көзқарасын уағыздап, дәс­түрлі қазақтың мұсылмандық жо­лын әділетсіз көріп адасты, бұз­ды немесе шектеді, діни аху­алға теріс ықпал етті. Иә, мұны­мен біз күресті дер кезінде бас­тап, жүргізіп отырмыз. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Діни экстремизммен күрес, дін­мен күреске айналып кетпеуі тиіс» дегенін берік ұстанған шым­кенттіктер де осы бір өзекті мәселені барынша сабырлылық­пен қарап, кең ауқымда қарастырып келеді.
Шымкент қаласында жасөспі­рімдерді жат ағымдардың ықпа­лынан сақтап, зайырлылықты өмір­шең етуде ауқымды жұмыс­тардың атқарылып жататындығы да баршамызға аян.

Сұхбаттасқан: А.ҮСІПОВ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.