Жұмбақ өлім

Әңгіме тек дәрігерлердің науқастарға психотропты пре­па­раттарды қолдануында ға­на емес, сонымен қатар әсе­рі беймәлім оталар мен арнайы гипноздық сеанстарды жүр­гізуінде де болып отыр.
Тексеру кезінде медбикелер­дің бірі осындай емшараның нәтижесінде өз-өзіне қол са­лып өлген Эдгар Мур есімді науқас туралы айтып берген. Дәрігер Гилл оған өзінің ти­імділігі дәлелденбеген емдеу әдістерінің бірін қолданған. Ол мұны «өткенге оралу» деп атаған. Яғни науқас гипноздың әсерімен өзінің балалық шағына ғана емес, өткен өміріне де орала алатын болған.
– Біз бұған сенбейтінбіз, -дейді медбике Флоренс Пау­эрс, – бірақ Эдгар Мурдың ба­сынан өткен жағдайдың таң­қалдыратыны соншалық, тіпті ақылға сыймайды…
Эдгар маскүнем болатын. Ол ұмытшақтық ауруына шал­дыққан, өмірінің көптеген ке­зеңдері тұтастай жадынан өшіп кетеді. Бірақ ол ауруханада өзін сабырлы ұстайтын, тіпті қызметкерлерге ұнайтын. Оның жасы 25-те еді, ол еш жерде жұмыс істемеген, сырқатына байланысты үнемі анасының қамқорлығында болған. Анасы – ірі экспедиторлық фирманың қожайыны. Ал әкесі Христианды ол тек суретінен көрген. Христиан Мур 1967 жылы, Эдгар дүниеге келерден екі ай бұрын Германияға жұмыс бабымен кеткен көрінеді, содан қайтып оралмапты. Неміс полициясы оның ешқандай ізін таппаған…
Сонымен, дәрігер Гилл өз сеанстарының бірінде науқасты «өткен өміріне қайтарады». Эдгар гипноздан шыққан бойда қатты айқайлап жібереді. Мед­бикенің айтуынша, бұл айқайдың ащы да қорқынышты болғаны соншалық, барлық қызметкерлер дәрігер Гиллдің кабинетіне жүгі­ріп келеді. Бұл кезде өз-өзіне келе алмай еңкілдеп жылаған Эдгар: «Әкемді мен өлтірдім!» — деп айқайлай береді.
Ештеңе түсінбей, аң-таң бол­ған дәрігерлер одан не болғанын сұрайды. Эдгар оларға ештеңе айтпай, жылай береді. Кейінірек ол өзі сеніп, жиі сырын ақтаратын Флоренс атты медбикеге өзінің гипноз сеансы кезінде басынан не өткергенін әңгімелеп береді. Ол гипноздың әсерімен ұйқыға кеткен соң, өзінің алдыңғы өміріне енеді. Оның есімі Карл Стиллер екен. Гамбургте өмір сүріп, шетелдіктерді то­найтын қарақшылар тобының мүшесі болған. 1967 жылы ша­рапханалардың бірінде ол бір ауқатты австралиялықпен танысады. «Мен оның сеніміне кіріп, кешке бірге көңіл көтеруге көндірдім.Сосын әбден ішкізіп, есін білместей мас қылдым да, теңіз портына алып барып, сол жерде өлтірдім», — дейді жылап отырып Эдгар.
Ол, яғни Карл Стиллер «құр­бандығын» пышақтап, құжатта-ры мен ақшасын сыпырып ала­ды да, мәйітін суға лақтырып жібереді. Карл Стиллердің өзі, Эдгардың айтуынша, австра­лиялықты тонап тапқан ақшасын өз «әріптестерінен» жасырғаны үшін өзге қарақшылардың қо­лынан қаза табады.
– Ол осыны айтқанда өте бақытсыз көрінді, -дейді мед­бике. – Біз оған мұның бәрі жай ғана түс немесе қиялының жемісі екенін айтып түсіндіруге тырыстық. Бірақ, ол өзінің өткен өмірінде әкесін өз қолымен өлтіргеніне өте сенімді болды. Ең таңқаларлығы, бұған дейін неміс тілін мүлде білмейтін Эдгар кенеттен осы тілде сай-рап ала жөнелетін болды. Бұл айтуға ғана оңай, бұл өте қорқынышты еді…
Ақыры өзін-өзі кінәлап, ар азабына шыдай алмаған Эдгар Мур өз-өзіне қол жұмсайды. Ол асүйден үлкен пышақты ұрлап алып, оны өз жүрегіне қадаған.
Алайда дәрігер Гилл оның өліміне өзін кінәлі санамайды.
– Гипноз сеанстары кезінде науқастар әртүрлі бейнелер мен көріністерді көреді. Бұл олардың қиялының жемісі ме, әлде шынайы өмірі ме, ешкім анық білмейді. Бірақ, көп жағдайда мұндай сеанстар науқастың сауығуына алып келеді. Әрине, арасында нәтижесін болжап білу мүмкін емес жағдайлар да болып жатады. Эдгар Мурға қатысты жағдай – соның бірі.
Дәрігер Гиллдің кінәсін сот анықтайды. Ал Эдгар Мур бір кездері шынында да Карл Стиллер болды ма, бұл мәңгілік жұмбақ болып қала беремек.

Б.КЕМЕЛ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.