«ТҮРКІСТАНДА ЖЕРЛЕНГЕН ХАНДАР МЕН СҰЛТАНДАР» ТУРАЛЫ КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі
«Түркістанда жерленген хандар мен сұлтандар» анықтамалық жинағын жарыққа шығарды.

Тарихи кітаптың тұсаукесер рәсімі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында және ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында ұйымдастырылған «Музей түні» шарасында өтті.

Жиынға қатысқан ғалымдар мен тарихшылар тарихи міндеттерін абыроймен атқарып, есімін келешек ұрпаққа үлгі-өнеге етіп қалдырған, Түркістанға жерленген қазақтың хандары мен
сұлтандарына арналған кітаптың жарыққа шығуымен құттықтады.

Кітапта өз заманында елді билеп,
өнегелі істерімен, ел қорғаған батырлығымен, әділетті билік айтқан шешендігімен дараланған
Түркістанда жерленген қазақ хандары мен сұлтандарының өмір жолы, қоғамдық қызметі баяндалған. Сонымен қатар, тарихи тұлғалардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленуі туралы мәліметтер, құжаттар, деректер мен қорық-музей қорында сақталған хандар мен сұлтандарға қатысты құнды жәдігерлердің суреттері орналастырылған.

Бүгінде тарихи деректер бойынша Түркістанда қазақтың 21 ханы мәңгілікке тыныстап жатқаны белгілі болса, олардың 14-і осы жерді Ордасы еткендігі анықталған.
Айта кетсек, Қазақ хандарынан Түркістанды астана деп жариялаған Есім хан алғаш болып Түркістанға жерленген. Одан кейін қазақтың үш жүзіне билігі жүрген Жәңгір, Тәуке, Қайып, Болат, Әбілмәмбет және ұлы ханымыз Абылай сынды хандардың  мүрдесі де  қасиетті жерге қойылды. Олар туралы өз заманында тарихи жырлар мен шежірелі тарихтар жазылып, халық арасына кеңінен таралғаны баршамызға аян. Соның бірі
қазақ билеушілері туралы жазылған Қадырғали Жалайыридың жазбалары өткеніміз
жайындағы аса құнды тарихи дерек болып табылады. Сондай-ақ, қазақ хандары
туралы ғылыми білімнің негізін ХІХ ғасырдың атақты ғалымдары А.И.Левшин мен
В.В.Вельяминов-Зерновтың қалағанын ғалымдар жақсы біледі.  ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ хандары Ш.Ш. Уәлихановтың, А. Добромысловтың, В.В. Бартольдтың, А.А. Семеновтың, Ш. Құдайбердіұлының, Қ. Халидидың, М.Тынышбаевтың және басқалардың еңбектерінде қарастырылды.
Кеңестік кезеңде хандардың қызметі үстем тап өкілдері ретінде терістелді. Осыған
қарамастан шығыстық және орыс деректерімен жұмыс жүргізген бір топ қазақстандық
және ресейлік ғалымдар Қазақ хандығы мен оның билеушілеріне қатысты жаңа
мәліметтер тауып, тарих ғылымының бұл саласындағы ел білімін кеңейткендер
қатарында В.П. Юдинді, О.Ф. Акимушкинді, Т.И. Сұлтановты, К.А. Пищулинаны,
М.Қ. Әбусейітованы, А. Исинді ерекше атап өту керек.

Басылымда қазақ хандарын тану мен танытуда еңбегі зор аталған тарихшылармен
қатар, Қ. Салғараұлы, М. Мағауин, Ж. Артықбаев, Б. Кәрібаев, Е. Ерофеева, С.Жолдасбаев, М.Тұяқбаев, М. Қожа мен Х.Тұрсын сынды  отандық ғалымдардың тарихи зерттеулері пайдаланылған.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.