ҰЛЫ БАБА РУХЫН ҚАСТЕРЛЕГЕН ЕЛ ПЕРЗЕНТІ

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, туған өңірі – Оңтүстіктің мәртебесін асырып, мерейін үстем етуде өлшеусіз үлес қосқан Қаратаудың абыз ақсақалы дүниеден өтті. Өмірінің соңғы сәтіне дейін қолынан қаламы түспеген ұлт руханиятының жаршысына Жаратушы Иеміздің шарапатының тигендігі шығар, 93 жасты сый еткені. Қазақ әдебиетінде ұлы жыршы Жамбылдан кейін жүз жастың жүзін көруге қадам басуды Еркінбек Тұрысұлына бұйыртса, Құдірет иесінің шапағаты тигендігі шығар, әсте.

 Ғұмырын 14 жасында еңбекпен бастап, 79 жылын еңбекпен өткізген «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, екі мәрте Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен және «Құрмет», «Парасат» орденімен марапатталынған, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағының иегері Еркінбек Тұрысұлының өнегелі өмірі өскелең ұрпақтың есінде мәңгілік сақталары хақ.

Еркінбек Тұрысов – 1927 жылы 12 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Талдыбұлақ ауылында туған. Шымкент педагогика институтын бітірген.

Жастайынан зерек те, алғыр бозым жігіт 19 жасында облыстық ішкі істер органына саяси қызметке келеді. Ерағаңның осы қызметке келуіне есімі облысқа танымал атақты «колхоз бастық» Тұрыс ақсақалдың туралықты ту еткен өмір өнегесі әсер етсе, болмысынан әділдіктің қасынан табылатын қасиеті өмірлік ұстанымы болып қалды. Киелі қаламды өмір серігі еткенде, тіпті әлемге танымал тұлғалар мен тұздас-дәмдас болыпты.

Өмірден алғаны мен түйгені мол болса, соларды ой таразысынан өткізіп айтқан Ерағаңның: «Шындықтың шыңы биік, жолы жалғыз» деген нақыл сөзі еліміздің төрт бұрышында айтылады.

Жастайынан киелі қалам ұстауға деген құмарлық пен туған жердің тарихына, ондағы әсем табиғи сұлулыққа құштарлық Ерағаңды еріксіз әдебиет әлеміне әкелді.

«Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі шығармашылық еңбек жолы он жылдан астам туған жеріндегі аудандық «Алғабас» газетінің редакторы қызметіне ұласып, өскен өңірдің өмірінен 600-ге жуық тарихи, көркем публицистикалық дүниелер тудырды.

Жазушының «Келіншектау», «Ақбақай», «Қыран тауы», «Құралай жолы», «Түндер сазы» кітаптары мен «Бәйдібек» пен «Темірлан» романы қазақ әдебиетінің асыл қазынасына қосылды. Сыршыл үнді қаламгердің «Кемеңгердің керуені», «Тұлпардың ізі», «Қызыл қаршыға», «Қош, көгілдір керуені», «Қайран Сәкені», «Шығыстың шоң ұлдары», «Тау тәңірісі», «Исаның домбырасы», «Нұржаудың нұрлы түндері» «Темірқазық», «Сырлы Алтай», «Алаш туы астында»,  «Досовтың соңғы күндері», «Ақырғы айқас» деп аталатын дүниелері ұлттық әдебиетіміздің ұлағаты мол туындыларына саналады.

Ұлы баба Бәйдібектің тарихи тұлғасын сомдау, рухына тағзым етудің жалпыхалықтық танымын қалыптастыруға қаламгердің өлшеусіз еңбек сіңіргенін айрықша айтуға болады. Көп қазақтың бірі болып аталатын Бәйдібек бидің халқының ортасына оралуына кемел ойлы қаламгер тынымсыз еңбектеніп, тірнектеп жинаған дүниелерімен тарихымыздың белгісіз беттерін ашуға сүбелі үлес қосты. Тарихи тұлғаның туған жерінде Бәйдібек ауданының ашылуына, облыс орталығынан ел мерейін асыратын ескерткіш мүсіннің қойылуына бастамашылық жасай білгенде, тек Ұлы бабаны аттың үстіне отырғыза алмағанына өкінгендей болғаны барды.

Сабырлы да салмақты, көркем мінезді парасат иесі елінің құрметіне бөленумен ғұмыр кешті. Ұлтының тілекшісі болған кемеңгер ел перзенті ұлтының ұлылығын ұлықтауға саналы ғұмырын арнады. Ерағаңның кеңдігі даңғазалық пен дақпырттан алыс жататын. Табиғи болмысы қандай сыпайы болса, жазбаларындағы суреттеулер де маржандай тізіліп тұрады.

Еркінбек Тұрысұлы – қазақ әдебиетіне аңшылық, саятшылық өнері туралы мол мұра қалдыра білген бірден-бір дара тұрған қаламгер.

Кемел ойлы жазушы туған өңірі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігін өз туындыларында өскелең ұрпағына өнеге боларлықтай етіп қалдырды.

«Қазақстан жолы» газетінің редакция ұжымы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.