РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – МАҢЫЗДЫ БЕТБҰРЫС

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі болумен бірге оның жарқын болашаққа бастайтын нақты қадамдарын да айқындап берді. Бұл мақалада, әсіресе, сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, ел игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселелер көтерілген.

«Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды»,- деп Елбасымыздың өзі айтқандай, бұл жаңа бастаманың септесумен еліміз бірқатар оң нәтижелерге иек артқаны да баршаға белгілі. Яғни ұлттық құндылықтар, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу т.б. қолға алынуда. Демек, төл тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту үдерісі жалғасып жатыр деуге болады. Қалай дегенде де рухани тұрғыда кемел болу қоғам үшін де, жастарымыз үшін де өте маңызды.

Өйткені ол – «Мәңгілік ел» болу жолындағы бізге ең қажетті құндылық. Рухы биік, санасы азат елдің ғана өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны даусыз. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады…» деген пікірдің де өзекті болып тұрғаны содан. Олай болса әрбір жас сол қасиеттерге ие болып, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық т.б, жаһандану дәуіріндегі жаңа қажеттіліктерді игеруі керек. Ал «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар осынау межеміндеттерді мінсіз жүзеге асыруға ықпал етеді деп білеміз. Демек, бәсекеге қабілеттілік барлық салада орын алуы тиіс. Сонда ғана саннан сапаға көшетін боламыз. «Рухани жаңғырудың» ұлттық идеологиямыздың басты темірқазығына айналдыру – табысты ел болуымыздың кепілі.

Ұлттық жаңғырудың ұлттық санамен біте қайнасқанын да білеміз. Ұлттық бірегейлікті сақтау, бейбітшілік пен келісімді насихаттау қазаққа жат емес. Ынтымақты елдің ырысы артады. Сондықтан рухани жаңғыру үдерісін дер кезінде қабылданған оң шешім деуге болады. Демек баршамыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлігімізді биік ұстап, қабілетті, әлемдік деңгейде танылған рухани кемел ел болуға ұмтылуымыз керек. Бұл тың бастаманың басты ерекшелігі де болашақтың бүгіннен бағамдалуында болса керек. Тарқатып айтқанда, бұл тараптағы қарқынды жұмыстар алдағы күнде де жалғаса беретін болады.

 А.Казенова, М.Əуезов атындағы ОҚМУ-дың

“Көлік, тасымалдауды жəне қозғалысты ұйымдастыру” кафедрасының аға оқытушысы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.