ДАНАЛЫҚ ДАРИЯСЫ
Он бес жылдан бері ұлы Абайға, оның тамаша өлең-жырлары мен даналық сөздеріне лайықты қызмет атқаруға адалдық танытып келеміз. Бұл – біз үшін ұлық мәртебе.
Жыл сайын 10 тамызда Абай ауданы әкімдігімен, Хакім Абай музейімен бірлесе ұлы ақынның туған күнін зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары және қонақтарының қатысуымен салтанатты жағдайда атап өтіп келеміз.
Абай жырларын оқу эстафетасына біздің ұжым да белсене атсалысты. Мемлекет басшысы өзінің бұл мақаласында: «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес.
Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұрамызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз», — дейді.
Өте орынды айтылған сөз. Абай – бүгін де жеті жасар баладан жетпістегі қазыналы қарияға дейін ұлағатты ұстаз іспеттес. Өйткені, кез келген адам шаттанып, қуанғанда да, жабығып, қамыққанда да ұлы Абайға жүгінеді. Оның терең философиялық шығармаларын оқып, өзінің ой-өрісін кеңейтіп, дамытады.
Хакім Абайдың биылғы айтулы мерейтойына орай елімізде халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Ұлы ақынның есімін иеленген құтхана ұжымы ретінде біз де шама-шарқымызға қарай бірқатар жоба-жоспарларды жүзеге асыруды белгілеп отырмыз. Атап айтқанда, республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясының аясында бүкіл жыл бойына қазақ халқының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқу, талқылау, насихаттау жұмыстарын жүргіземіз. «Абайды тану – қазақты тану» атты оқырмандар конференциясын өткізбекпіз. Онда биыл тоқсанның төріне шығып отырған қазыналы қариямыз, ғұлама ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті гуманитарлық зерттеу институтының директоры Мекемтас Мырзахметұлының байыпты баяндамасын тыңдаумен қоса-қабат өзге де абай-танушылардың ой-пікірлерін тыңдайтын боламыз. «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», «Тұғыры даналықтың болған – Абай», «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары», «Абай әлемі — ақылдың кені» атты поэзия кештерін, «Даналық дариясы», «Жылдармен жыры жылжыған Абай», «Дара тұлға» деп аталатын әдеби кештер, «Абай – ұлт руханиятының символы», «Абайды танып білу: ақынның адамгер-шілік мұраттары», «Абай – дара, Абай – дана қазақта» атты танымдық, тағылымдық сағаттар өткізу ойда бар.
Шымкент қаласының, Абай ауданының айтулы мерейтойға байланысты ұйымдастыратын шараларына да хал-қадерімізше қолғабыс жасаймыз.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының бұл мақаласы біздің бәрімізге терең ой салып, ерен еңбек етуге үндеп отыр. Абайды тереңірек тану үшін ұлы ақынның шығармаларын жалықпай оқи беру керектігі бел-гілі. Сіздерді де соған шақырамыз, қымбатты оқырман қауым!
Гүлсім ШАТЫРБЕКОВА, Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры.