Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты: … бүкіл жүйеге кір келтіруден арыла алмай келеді
Дәл қазір сақшының тәулік бойғы қажырлы еңбегін тиісінше бағалауды былай қойғанда, оларға деген қоғам құрметінің жұтаңдауын кімнен көргендейміз? Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады.
Ал осындай қамқорлық көріп отырған тәртіп сақшылары мемлекетіміздің күшін, қуатын көрсетуде табандылық танытып жүр ме? Мемлекеттің тікелей өкілі бола тұра, жекелеген қызметкерлер арын, қолын былғап, билікке, бүкіл жүйеге кір келтіруден арыла алмай келеді. Біздіңше, полиция қызметін мүлтіксіз орындау үшін әрбір тәртіп сақшысы кіршіксіз таза болуы тиіс. Мемлекетшіл, отаншыл істе полиция қызметкері жастарға үлгі-өнеге көрсетуі абзал. Бұл – идеологиялық сүйемелдеуді қажет ететін өте ауқымды жұмыс.
Мәселен, есірткі саудагерлерімен ауыз жаласқан, жезөкшелермен сыбайласқан немесе мал, зат ұрлағандармен табақтас тәртіп сақшылары туралы әңгімелердің өріп жүргеніне жұрт куә. Жас ұрпақтың санасына жылдар бойы сіңіп қалған қауесеттерге сақшылардың өзінен басқа ешкім де тосқауыл қоя алмасы белгілі.
Jasqazaq.kz