ДӘСТҮРІНЕН НӘР АЛҒАН ҰЛТ БАҒЫТЫНАН АДАСПАЙДЫ

ҒАРИФОЛЛА ЕСІМ

Қазыбек биге бағынышты болған – қазіргі Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Петропавл, Қостанай облыстары. Әкім құптады. Осы өңірлерге Қазыбек би сөзі жүріп тұрды. Сонда Қазыбек биде бүгінгідей самсаған аппарат, жүздеген қызметкерлер жоқ.

Тек Қарағанды облысында қаншама басқару мекемелері бар. Санап шықтық, облыстық сот, прокуратура, қаржы полициясы, ішкі істер полициясы, тағысын тағылар, бір сөзбен айтсақ, қазынадан қаражат алатын қызметкерлер. “Олардың санын санап беріңіздерші” дедім. Үнсіздік. Қазыбек биде мұндай аппарат болмаған. Тәртіп болған. Бір облыста қаншама құқықтық мекеме, тәртіп әлі де жетілдіруді талап етеді. Тіптен, жемқорлыққа осы мекеме қызметкерлері қатысты болып шығады, бұл қалай?!

Төле биге қаншама облыс қарады, Әйтеке биге ше? Олардың ешқайсысында аппарат болмаған. Сонда билік қалай жүзеге асты. Мәселе, беделде. Беделді Ел Ағалары болған. Олар қазақ елінде қалыптасқан либералдық-пирамидалық билік басқару жүйесінде қызмет атқарған. Олар билер, Ел Ағалары, топ басшылары. Олардың беделі – тазалық.

*   *   *

Ел арасында тараған Бауыржан Момышұлы айтты деген бір тәмсіл бар. Баукеңмен қатарластау біреу батырға «Әй, шал!» деген болуы керек.

– Иә, дұрыс айтасың адам жасқа жетіп қартаяды. Адам шайтан емес. Бірақ, қартаюдың үш мәнісі бар, тыңдап ал, -депті.

– Бірінші мәнісі, адам қартаяды, анық сөзін ешкім құлаққа ілмейді, ол әйтеуір ас ішер, аяқ босатар халде. Мұны, сен айтқандай «шал» дейді.

Екінші мәнісі, адам жасқа жетті, бірақ отбасына, көрші-қолаңға, ағайын-туысқа қадірлі, айтар сөзі бар, тыңдаушылары және бар, оны «қария» деп атайды.

Үшінші мәселе, адам шайтан емес, қартаяды, бірақ оның сөзін ел боп тыңдайды, руластары қадір тұтады. Ол адамның аталы сөзін жастар тыңдайды, үлгі, өнеге тұтады, оны «ақсақал» деп атайды.

Сен, мені осы үшеуінің қайсысына жатқызасың?-депті Батыр ағамыз.

Ендігі жердегі мәселе. Шал атанбай қария атану үшін не істеу керек? Шал атанбай, ақсақал деген деңгейге жету үшін, ол нендей қызметті атқаруы ләзім.

Бұл ресми қызметтермен анықталатын жағдайда емес, биліктегі адам билікте қадірлі болғанымен, елге қадірлі ме? Қызметтен кеткен соң, қадір-қасиетін сақтап қала ала ма? Оның беделі Билікпен ғана анықталған ба? Мәселе!

Бүгінгі күн үшін Ел Ағалары ауадай қажет. Ел сөзін сөйлей алатын жасы жеткен ақсақалдар қайда? Бұл да мәселе.

Дәстүрлі қазақ қауымында толқындап жастар шығатын, оларға естияр сөз айтатын қария, ақсақалдар болатын. Бүгінде Билік пен халықтың, әсіресе, жастардың арасы тым алшақтап барады. Бұл аса қауіпті жағдай, себебі байлар мен кедейлер арасы мүлдем алшақтап кетіп еді, енді билік пен жастар арасы ашылса, жағдай мәз емес деген сөз.

*   *   *

Біз қазақпыз, бірақ он төрт миллионның бәрі қазақ па, өздерін қазақ мүддесіне қызмет ететіндер ме? Шүбәлімін. Ұлт бірлігі оның діні мен тілінде. Осы екеуінен айырылғандар қайтіп қазақ атанбақ?! Дін мен тіл –мемлекетшілдіктің негіздері. Дінсіз жұрт болмайды. Тілсіз халық болмайды.

Қазақ тілін білмейтін, білгісі келіп ниеттенбейтіндерде елдік сана бола ма?! Олардан патриот шыға ма, жоқ әлде «Патриотизм – жексұрындардың тұрағы» деген пікірде ме? Ана тілін білмейтін қазақтардың дені мұсылмандыққа да немқұрайлы.

Елдің нағыз жанашырлары кімдер, олар неге үн қатып, сөз айтпайды. Осы біз кімбіз?! Кімдерге айналып барамыз. Бағытымыз қайда?

Рухани жаңғыру деген желп-желп еткен жеңіл сөзге айналып бара жатқан жоқ па? Әңгімені сабырға салып ойлансақ қайтеді.

Неге шет елдерге кетуге ынталымыз. Әр нәрсенің өз себебі бар. Себебі сол, өзімізді құлдық деңгейге қойып, әбден соған көндігіп, өзімізді түкке тұрғысыз етіп, өзге жұрттың бәрі табиғатынан озық деген түйсік, сезім, санаға батқанбыз. Арғы ата-бабаларымыздың әлемді билеп, сөздерін тыңдатқандарын ұмытқанбыз. Санамызда тек – құлдық. Өркениет дегенге қол жайып, құлдық ұру.

*   *   *

Адамда жан байлығы және жан жомарттылығы деген болады. Жан байлығы мен жан жомарттылығы қалай қалыптасады? Оны қазақтың қанына «америкалық арман» сіңіре алмайды. Голливуд киноларын көріп, кез келген қазақтың бойында қазаққа жақсылық жасауға құштарлық ешқашан оянбайды. Ол үшін қазақ қазақша сөйлеп, қазақша ойлануы керек. Абай мен Шәкәрімді, Жамбылды ана тілінде оқып, бойына тоқуы керек. Біздің ауқатты азаматтар халықтан алыстап кеткен. Олар өздерін халықтан жоғары қояды. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» деген. Ата-тегінде байлық пен ақсүйектік болмағандардан адами қасиет те, қайырымдылық та күту бекершілік. Адамның жеке байлығы болмайды. Ол халықтың дүниесі. Заманға орай саған бұйырған несібе. Біздің байлардың басына осы ұғым-түсінік жетпейді. Қазақ елі мен жері болмаса, ондай байлық өздерінде ешқашан болмасын олар түсінбейді. Бұл – бүгінгі трагедия.

*   *   *

Елімізде қанша білім, ғылым министрі болса, соншама реформа болды. Компас тілі далада қалды, «менбілемдікке» салынды.

Білім, ғылым саласы бүгінде сын көтерерлік жағдайда емес.

Жоғары оқу орнындағы профессорлардың жалақысы – 160 000-200 000 теңге аралығында, ол нақты әр университет басшыларына байланысты. Жуырда Жапония еліне сапарым түсіп, Хиросима қаласында әріптестерімізбен сұхбаттасып қалдық. Біреу Жапон профессорының жалақы мөлшерін сұрады, ол айына 14 мың АҚШ долларын алатынын айтты. Ол профессор менен сұрады, «Сіз қанша аласыз?» -деп. Мен намыстанып, «Сол сіз алатын мөлшерде» дедім. Қасымдағылар маған таңқалып, қарап қалыпты. Жағдай солай. Кедей профессорлар «кедей білім» береді, себебі, күн көру үшін өзге істермен айналысып кетеді, өзге амал жоқ. Біздің елдің профессорлары – кедейлер. Білім, ғылым саласының тағы ілгерілемей тұрғанының бір себебі бар. Еліміздегі жоғары оқу орындарында олигархтардың, министрлердің, әкімдердің, көптеген депутаттардың ұл-қызы, немересі отандық білім жүйелерінде жоқ, олар шетелдерде білім алуда. Мектептегі жағдайлары да солай. Демек білім жүйесіне кімдер қызарақтаулары керек. Ойланайық!

Сабақтастық дегенде осы мәселелерді ескермесек, қандай сабақтастық болмақ?!

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.