Діни мәдениет
Халықтың діні, наным-сенімдері мен көзқарастары оның тарихына, рухани-мәдени, саяси өміріне үлкен әсер ететін фактор болып табылады. Дін руханияттың өзекті саласы. Дін тарихын білмейінше белгілі бір аймақты мекендеген халықтардың тұрмысын, өмірін, мәдени болмысының қыр-сырын терең тану мүмкін емес, яғни кез келген ұлттық мәдениеттің рухани бастауларын, оның менталитеті мен дүниетанымын ұғыну үшін мәдени тұтастықтағы діни жүйелерді терең зерттеп, зерделеудің маңызы ерекше.
Ежелгі руханиятта дін оның негізгі құрамдас бөлігі екендігін ескерсек, айтылған тұжырымның маңыздылығы арта түседі. Себебі дін өткен тарихи дәуірлерде мәдениеттің барлық салаларын қамтып жатты.
Көптеген мәдениеттанушылар дінді мәдениеттерді бір өркениетке біріктіретін фактор ретінде қарастырады. Н. Данилевскийдің, К. Ясперстің, А. Тойнбидің, О. Шпенглердің, П. Сорокиннің еңбектерінде тарихи-мәдени типтердегі діни ерекшеліктер бітім құрастырушы және мәдени айрықшалықты білдіретін нышан ретінде баяндалады. Үлкен өркениеттердің қалыптасуында ұлттық діндердің тар шеңберден шығып, рухани-мәдени тұтастықты құрауы, дүниетаным мен адами қасиеттердің жаңа мазмұндарын қалыптастыруы ерекше маңызды.
Қазақтардың діни көзқарасында Алла мен Тәңірі ұғымдары синонимдер ретінде қолданылады. Әрине, қазақ мәдениетінде қалыптасқан архетиптік наным-сенімдерден исламдық діни жүйеге ауысу бірнеше ғасырларға созылды және бұл қарым-қатынас тұтастану бағытында өтті.